Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтату режимін ұстануға бейілділіктерін растады
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд пен Камбоджа арасындағы келіссөздер туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің Шанхайда ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Сунь Вэйдун мен екі ел өкілдерінің кездесуі қорытындысы бойынша таратқан мәлімдемесінде айтылды, деп жазады Анадолы.
Онда тараптардың жағдайды бәсеңдетудегі Бейжіңнің үлесін жоғары бағалағаны да атап өтілген. Кездесу бейресми кеңес сипатында, «жылы, достық әрі қолайлы атмосферада» өткені хабарланды.
ҚХР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, келіссөздер Қытайдың Камбоджа мен Таиланд арасындағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге бағытталған тұрақты әрі сындарлы күш-жігерінің бір бөлігі саналады.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекарадағы шиеленіс
Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан және 817 шақырымдық шекарамен бөлінген Таиланд пен Камбоджа арасындағы аумақтық даулар бұрыннан бар. 28 мамырда шекара келісімі бұзылғаннан кейін өңірде қысқа мерзімді қақтығыс болып, екі ел армиялары мәселені бейбіт жолмен шешуге уағдаласқан еді. Алайда шамамен екі ай өткен соң – 24 шілдеде шекара маңында жаңа қақтығыстар болып, екі тараптан 32 адам қаза тапты.
Осыған байланысты Камбоджа премьер-министрі Хун Манет пен Таиландтың уақытша премьер-министрі Пумтам Вечаячай Малайзия астанасы Куала-Лумпурда малайзиялық премьер Энвер Ибрагимнің делдалдығымен кездесу өткізді.
Келіссөздерден кейін тараптар бітімгершілік туралы келісімге қол жеткізгендерін жариялады.