Таиланд пен Камбоджа шекарадағы шиеленісті реттеу туралы келісімге келді

Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Куала-Лумпурдегі келіссөздерден кейін Таиланд пен Камбоджа шекарадағы шиеленісті реттеу туралы келісім жасасты. Бұл туралы Бангкок үкіметі X әлеуметтік желісінде хабарлады. 

Екі жақ атысты тоқтату режимін сақтау үшін 13 тармақтан тұратын келісімге келісті. Сонымен қатар екі елдің өкілдері шекаралық аймақта бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған хаттамаларға қол қойды. 

Мамыр айында даулы аумақта Камбоджа сарбазы қаза тапқан қарулы қақтығыстан кейін көрші елдер арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлаған болатын. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Камбоджа мен Таиланд шекара мәселесін келесі аптада Малайзияда талқылайтынын жазған едік.