Таиланд премьер-министрі этикалық даудан кейін қызметінен уақытша шеттетілді
БАНГКОК. KAZINFORM – Таиланд Конституциялық соты премьер-министр Паэтонгтхан Шиннаватраны Камбоджаның бұрынғы премьер-министрі және қазіргі Сенат төрағасы Хун Сенмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін туындаған дау аясында қызметінен уақытша шеттетті, деп жазды Анадолы.
Бұған дейін 36 сенатор Шиннаватраны бұл әңгіме кезінде этикалық нормаларды бұзды деп айыптады. Сотқа жолданған петицияда сөйлесу мазмұны үкімет басшысына деген сенімді әлсірететіні айтылған.
Конституциялық сот бұл өтінішті қарап, премьер-министрді уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылдады: 7 судья – қолдап, 2 судья – қарсы дауыс берді.
Жарияланған әңгіме
БАҚ-та Шиннаватра мен Хун Сен арасындағы 17 минуттық телефон әңгімесінің аудиожазбасы жарияланды. Онда үкімет басшысы Хун Сенге «аға» деп сөйлеп, тай армиясының бір қолбасшысын орнынан кетіргісі келетінін айтады.
Жазба жарияланғаннан кейін биліктегі коалицияның екінші ірі партиясы — Bhumjaithai альянстан шығатынын мәлімдеді. Партия бұл әңгіменің «Таиландтың егемендігіне, қауіпсіздігіне және армиясына нұқсан келтіргенін» айтты.
Қоғам тарапынан Шиннаватраның отставкасын талап еткен үндеулер күшейген соң, ол кешірім сұрап, бұл сөйлеу мәнері «келіссөз жүргізу тактикасы» болғанын, ал негізгі мақсаты — екі ел арасындағы бейбітшілікті нығайту болғанын түсіндірді.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық шиеленіс
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы көрші елдер Таиланд пен Камбоджаны 817 шақырымдық құрлықтық шекара бөліп жатыр. Бұл елдер ұзақ уақыттан бері территориялық даулармен бетпе-бет келіп отыр.
28 мамырда екі тарап арасында шекара келісімдерін бұзды деген айыптаулар аясында қысқа мерзімді қарулы қақтығыс орын алды.
Кейінірек екі елдің әскери басшылықтары жанжалды бейбіт жолмен шешу туралы келісімге келді.
Таиланд Камбоджамен шекарадағы барлық бақылау-өткізу бекеттері Бангкоктағы орталық үкіметтің бақылауында болатынын хабарлады.
Камбоджа премьер-министрі Хун Манет өз елінің Таиландпен территориялық дауды шешу үшін БҰҰ Халықаралық сотына (ХС) жүгінгенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Тайланд студенті «Әлем аруы-2025» байқауында жеңіске жеткенін жазған едік.