Таиланд шетелдік туристерге арналған жаңа алымды енгізуді кейінге қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың Туризм және спорт министрлігі шетелдік туристерден алынатын жаңа алымды енгізу мерзімін кейінге шегерді. Бұл туралы The Nation басылымы хабарлады.
Бұған дейін шетелдік туристерге арналған алымды 2025 жылы енгізу жоспарланған болатын. Алайда, министрліктің ассистенті Чакрапол Тансутитхамның мәлімдеуінше, Туризм және спорт министрі Соравонг Тхиентхонг қазіргі жағдайды тұрақсыз деп есептеп, бастаманы кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған.
– Бізге осы жылдың төртінші тоқсанындағы туризмнің жоғары маусымында халықаралық туристік сұранысты күтіп, бағалау қажет. Сонымен қатар, министрлік алым құрылымын нақтылау үшін әлі де қосымша талдау жүргізеді. Әсіресе, шекарадан кіру тәсілдеріне қарай – құрлық, теңіз немесе әуе арқылы, – деді Чакрапол Тансутитхам.
Жоспар бойынша, алым көлемі:
әуе көлігімен келетіндер үшін — 300 бат (шамамен 4 900 теңге),
құрлық немесе теңіз жолымен өтетіндер үшін — 150 бат (шамамен 2 450 теңге) болады.
Жиналған қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға және шетелдік қонақтар үшін сақтандыру шығындарын өтеуге бағытталады.
Айта кетейік, Таиланд премьер-министрі этикалық даудан кейін қызметінен уақытша шеттетілді.