Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракул 19 қазанда күмәнді жер иелену схемаларына қатысты тергеуді жеделдетіп, жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерге бақылауды күшейту тапсырылғанын мәлімдеді.
Таиландтың Жер ресурстары департаментінің мәліметінше, билік шетел азаматтарының атынан жер иеленді деген күдікке ілінген 1 397 заңды тұлғаны анықтаған. Бұл компаниялар жалпы аумағы шамамен 875 гектар болатын 2 360 жер учаскесін бақылайды. Олардың жиынтық құны 14,01 млрд батқа бағаланған.
Таиланд заңнамасы бойынша, бірқатар ерекшеліктерді қоспағанда, шетелдіктерге жерді тікелей иеленуге тыйым салынған. Алайда кейбір шетелдік инвесторлар бұл шектеулерді айналып өтіп, жылжымайтын мүлікті Таиланд азаматтарының немесе делдал ретінде әрекет ететін компаниялардың атына рәсімдеген.
Анутин Чарнвиракул тиісті мемлекеттік органдарға тәуекелі жоғары істер бойынша тергеуді 2026 жылғы желтоқсанға дейін аяқтап, заңсыз иеленілген жерлерді сатуды міндеттейтін заңнаманы орындауды тапсырды. Сонымен қатар болашақта осындай делдалдық схемалардың пайда болуына жол бермеу үшін бақылау жүйелері күшейтіледі.
Жаңа шараларға сәйкес, қолма-қол ақшамен кемінде 2 млн батқа жер сатып алу немесе бағалау құны 5 млн баттан асатын жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер қосымша тексеріледі. Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан Таиланд азаматтары жер сатып алуға жұмсалған қаражаттың өздеріне тиесілі екенін дәлелдеуі керек. Ал жылжымайтын мүлік сатып алатын компаниялардың акционерлері мен қаржыландыру көздері тексеріледі.
Бұл өзгерістер Таиландтан жылжымайтын мүлік сатып алуды қарастырып жүрген қазақстандықтарға да қатысты болуы мүмкін. Әсіресе Пхукет пен Паттайя сияқты танымал туристік бағыттарда мүлікке инвестиция салатын азаматтар жаңа талаптарды ескергені жөн. Жергілікті салалық есептерге сәйкес, қазақстандықтар Пхукеттегі тұрғын үй нарығындағы шетелдік сатып алушылардың қатарында.
Дегенмен Таиланд заңнамасында жерге иелік ету мен кондоминиумнан пәтер сатып алудың ара-жігі ажыратылған. Қазақстан азаматтарын қоса алғанда, шетелдіктер кондоминиумнан пәтерді заңды түрде сатып ала алады. Ол үшін шетелдіктерге тиесілі пәтерлердің жалпы ауданы ғимараттағы барлық тұрғын үй алаңының 49 пайызынан аспауы керек. Қазіргі тексерулер заңда рұқсат етілген тәртіппен сатып алынған кондоминиум пәтерлеріне емес, делдалдар арқылы рәсімделген жер учаскелеріне бағытталған.
Таиланд қазақстандық туристер арасында да танымал бағыт болып қала береді. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елге Қазақстаннан шамамен 200 мың турист барған. Олардың едәуір бөлігі Пхукетке барған.
Вилла немесе жер теліміне құқығы бар өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алуды көздейтін қазақстандық инвесторлар үшін бұл талаптардың күшеюі меншік құқығын рәсімдеу тәртібін мұқият тексерудің маңызын арттырады.
Еске салайық, бұған дейін Таиландтан тәттілер арасына 4,7 келі есірткі жасырып алып келген бойжеткеннің сотталғанын жаздық.