Таиландқа саяхаттау қиындай түспек: Еуропалықтар үшін визасыз мерзім қысқарады

АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд Еуропалық Одақ елдерінің туристері үшін визасыз болу мерзімін 30 күнге дейін қысқартатынын растады, деп хабарлайды Еuronews.

Фото: thailand.go.th

15 қыркүйектен бастап Еуропалық одақ елдерінің азаматтары Таиландта визасыз бұрынғыдай 60 емес, 30 күн ғана бола алады.

Оңтүстік-Шығыс Азия елі 60-тан астам мемлекет пен аумақтың туристері үшін визасыз болу мерзімін екі есеге қысқартып, 30 күнге дейін төмендететінін мәлімдеді.

Бұл шара туралы алғаш рет мамыр айында айтылған болатын. Енді оның 15 қыркүйектен бастап күшіне енетіні расталды.

Euronews Travel бұған дейін хабарлағандай, мұндай шешім шетелдіктердің қатысуымен болған бірқатар атышулы қылмыстарға байланысты қабылдануы мүмкін.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы айларда шетелдік азаматтар есірткі саудасы мен адам саудасынан бастап, тиісті рұқсатсыз қонақүй мен мектеп сияқты кәсіпкерлік қызметпен айналысуға дейінгі түрлі қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталған.

Соған қарамастан, туризм Таиланд экономикасы үшін аса маңызды. Таиланд туралы Euronews Travel материалдарында ел экономикасының 10 пайыздан астамын туризм құрайтыны айтылған. Сол себепті Таиланд Азия құрлығындағы туристер ең көп баратын елдердің бірі болып қала береді.

Қазір 90-нан астам елдің азаматтары, оның ішінде Шенген аймағына кіретін 29 мемлекет, Таиландта визасыз 60 күнге дейін бола алады.

Алайда екі аптадан кейін осы елдердің 60-тан астамының, соның ішінде ЕО мемлекеттерінің азаматтары үшін визасыз болу мерзімі 30 күнге дейін қысқарады.

Таиланд Сыртқы істер министрлігінің Консулдық мәселелер департаменті тағы шамамен 20 елдің азаматтарына қатысты қандай шешім қабылданғанын әзірге жариялаған жоқ.

Ал Перу, Бразилия және Оңтүстік Корея азаматтары үшін визасыз болу мерзімі, керісінше, ұзартылады. Айдың ортасынан бастап олар Таиландта визасыз қазіргі 60 күннің орнына 90 күнге дейін бола алады.

Еуропалық туристер үшін балама мүмкіндіктер бар

Еуропалық туристер үшін бұл жаңалықтың жағымсыз тұстары болғанымен, бірқатар жеңілдік те сақталады.

Euronews Travel бұған дейін хабарлағандай, визасыз режиммен елге кірген туристер иммиграциялық қызметкердің шешімі бойынша Таиландта болу мерзімін бір рет ұзарта алады.

Сонымен қатар Destination Thailand Visa (DTV) рәсімдеуге болады. Бұл виза елде бір рет кірген кезде 180 күнге дейін болуға мүмкіндік береді және оны тағы 180 күнге ұзартуға болады.

Алайда мұнда маңызды талап бар: өтініш беруші банк шотында кемінде 500 мың бат немесе 13 мың еуро бар екенін растауы тиіс. Ал қашықтан жұмыс істейтін азаматтар бұған қоса Таиландтан тыс жерде жұмыс істейтінін дәлелдейтін құжат ұсынуы қажет.

2026 жылдың басынан бері Таиландқа 21 миллионға жуық шетелдік турист барған. Алайда бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға аз. Бұл туристік ағынның әзірге пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралмағанын көрсетеді.

Осыған дейін Таиландта туристердің жолжүгін олардың қатысуынсыз ашуға рұқсат етілетінін жазған болатынбыз.