Таиландта америкалық туристі пілдер таптап тастады

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Таиландтың Каенг-Крачан ұлттық паркінде америкалық туристің мәйіті табылды, марқұмның денесіндегі зақымдар оны пілдер таптап кеткенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды lenta.ru.

АҚШ-тың Бангкоктағы елшілігі жерлесінің қазасы туралы ақпаратты растады, алайда оқиғаның мән-жайы толық айтылмай отыр, делінген хабарламада.

Жергілікті полиция қызметкері Ворадет Суанклаайдың айтуынша, 13 қаңтар күні жалғыз өзі қыдырып келген америкалық турист әйел жоғалып кеткен. Оның мүрдесі арада бес күн өткен соң джунглиден табылған. Қазір әйелдің нақты неден қайтыс болғанын анықтау үшін сараптама жүргізіліп жатыр.

Таиландтың ну ормандарын жабайы үш мыңға жуық піл мекендейді. Жергілікті БАҚ Каенг-Крачан ұлттық паркінде браконьерлер піл аулауға жиі шығады, туристің өліміне сол себеп болуы мүмкін, деп жазады.