Таиландта бокстан өтетін Азия чемпионатында кімдер бақ сынайды

Фото: Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында 29 қараша – 11 желтоқсан аралығында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы кезекті Азия чемпионаты өтеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігінен алынған мәліметке қарағанда, сары құрлық бәсекесінде ерлер – 13, ал әйелдер 12 салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Әуелгі жоспар бойынша биылғы Азия біріншілігі осыдан екі жыл бұрын аталған доданы қабылдаған Иордания астанасы – Амманда өткізілуі тиіс еді. Алайда өңірдегі қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, чемпионат Иорданиядан Таиландқа ауыстырылды. Осылайша, Таиланд корольдігі 1963 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бокстан Азия чемпионатын өз тарихында тоғызыншы рет қабылдап отыр.

Биылғы Азия чемпионатының ерекшелігі, сары құрлық додасына алғаш рет Украина боксшылары да қатыспақ. Бұл – Азия чемпионатында тіркелген алғашқы жайт. Ал Еуропа чемпионатында өзге құрлықтан, яғни, Израиль, Мысыр сияқты елдердің де боксшылары қатысқан кездер болған.

Қазақстан ерлер құрамасынан Азия чемпионатына қатысатын 13 боксшының екеуі, яғни, Санжар Тәшкенбай (48 кг, 2022 жыл) мен Айбек Оралбай (92 кг, 2022 жыл) бұған дейін Азия біріншілігінде топ жарған. Сондай-ақ Таиландта төрт әлем чемпионы жұдырықтасады. Олар: Санжар Тәшкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг) және Бекзат Нұрдәулетов (86 кг). Ал Оразбек Асылқұлов (57 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг) және Бекзат Нұрдәулетов (86 кг) Азия чемпионатына алғаш рет қатысады.

Қазақстан ерлер құрамасының тізімі:

Санжар Тәшкенбай (48 кг),

Сәкен Бибосынов (51 кг),

Махмұд Сабырхан (54 кг),

Оразбек Асылқұлов (57 кг),

Бейбарыс Жексен (60 кг),

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг),

Дулат Бекбауов (67 кг),

Абылайхан Жүсіпов (71 кг),

Диас Молжігітов (75 кг),

Ерасыл Жақпеков (80 кг),

Бекзат Нұрдәулетов (86 кг),

Сағындық Тоғамбай (92 кг),

Айбек Оралбай (+92 кг).

Қазақстан әйелдер құрамасының тізімі:

Әйгерім Сәттібаева (48 кг),

Алуа Балқыбекова (50 кг),

Жазира Орақбаева (52 кг),

Сымбат Әлиасқар (54 кг),

Ұлжан Сәрсенбек (57 кг),

Виктория Графеева (60 кг),

Аида Әбікеева (63 кг),

Милана Сафронова (66 кг),

Наталья Богданова (70 кг),

Диана Мағауияева (75 кг),

Гүлсая Ержан (81 кг),

Елдана Талипова (+81 кг).

Бүгін жеребе тарту рәсімі өткізіліп, жекпе-жектер ертең басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.