Таиландта оқушы мектепте оқ жаудырып, жеті адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Бангкоктың солтүстігіндегі Нонтабури провинциясының мектебінде болған атыстан жеті адам қаза тауып, 15 адам жарақат алды, деп хабарлайды Reuters.

Фото: ข่าวสด

Қаза болғандар арасында үш мұғалім, үш оқушы және өзіне қол жұмсаған шабуылдаушы болды. Жарақат алған екі адамның жағдайы ауыр.

Полицияның мәліметінше, шабуылдаушы 14 жастағы оқушы болған. Ол кем дегенде 26 рет оқ атқан, ал тұтқындалғаннан кейін одан тағы 34 оқ табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, тапанша оның атасына тиесілі болған.

Полиция сонымен қатар шабуылдаушы мектеп аумағында оқ атпас бұрын ата-әжесін үйінде атып өлтірген деп шамалап отыр.

Reuters мәліметінше, бұл Таиландта 2022 жылдан бергі ең ірі жаппай қырғын.

Сондай-ақ бұл биыл мектепте болған екінші атыс: ақпан айында елдің оңтүстігінде мұғалім қаза тауып, бір оқушы жарақат алды.

Маусымда Филиппиннің орталық бөлігіндегі мектепте болған атыстан үш оқушы қаза тауып, кемінде 20 адам жарақат алған.