Таиландта сайлауға қарсы наразылық топқа қарсы газ қолданылды

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бангкокте кезектен тыс парламенттік сайлауға кандидаттарды тіркеу өтіп жатқан ғимаратқа тосқауыл қоюға талпынған 500 адамнан құралған наразылық білдірушілерге қарсы полиция көзді жасаурататын газды қолданды.

Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, демонстранттар сайлау комиссиясы кеңселеріне кіруге тырысқан кезде полиция оларды таратып жіберуге кіріскен.

Сенбіде оппозициялық Демократиялық партия кезектен тыс сайлауға бойкот жариялап, көшелердегі жаппай наразылық акцияларын жалғастыруға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, осының алдындағы наразылық шараларынан кейін премьер-министр Йинглак Чинават парламентті мерзімінен бұрын таратып, отставкаға кетті. Алайда сайлауға дейін Чинават кабинеті жұмысын жалғастыратын болады.

Өз кезегінде, оппозиция уақытша үкіметтің отставкасын талап етуде. Осы орайда олар жаңа премьерді тағайындап, саяси реформамен айналысатын «халықтық кеңесті» шақырту керектігін алға тартуда.