Таиландта тасбақаның асқазанынан 5 келі монета табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бангкокта Чулалонгкорн университеті ветеринария кафедрасының қызметкерлері теңіз тасбақасының асқазанынан 5 келі монета шығарды.

Бұл туралы Bangkok Post басылымы  хабарлады.

25 жастағы аналық тасбақаның асқазанынан  915 дана монета шығарылды. Ота төрт сағат бойы жүргізілген. «Мұндай көлемдегі тиынды жұтып қойғаны таң қаларлық», - деді ветеринар Пасакорн Бриксвана (Pasakorn Brikshavana). Дәрігердің айтуынша, бұл оның тәжірибесіндегі алғашқы жағдай.

Тасбақа бір апта мал дәрігерлерінің қарауында болады, одан кейін теңіз тасбақаларына арналған Sea Turtle Conservation Center зообағына жіберіледі.

Көптеген туристер Таиландқа қайтып оралуды ырымдап, тасбақалар өмір сүретін су қоймасына монета лақтырады. Ал жергілікті тұрғындар тасбақалар секілді ұзақ өмір сүру үшін шақа лақтыратын көрінеді.