Таиландта туристер мінген автобус апатынан 14 адам зардап шекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтың солтүстігінде бейсенбі күні болған көлік апаты салдарынан бір адам қаза тапты, тағы 14-і жарақаттанып, ауруханаларға жеткізілді. Бұл туралы жергілікті полиция хабарлады.

Оқиға Чиангмай провинциясындағы Пай қаласының маңында орын алған. Алдын ала ақпарат бойынша туристерді тасымалдаған шағын автобус бұрылыста жолдан шығып кетіп, аңғарға құлаған.

Оқиға себептері анықталуда. Полицияның пайымынша, апатқа көлікті басқарып келе жатқан жүргізушінің ұйықтап кетуі себеп болуы мүмкін.

Әзірге зардап шеккен туристердің ұлтына қатысты нақты мәліметтер хабарланбады, деп жазады ТАСС.