Таиландта жарылыстарды дайындауға қатысқан алты күдікті ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Таиланд әскери билігі қазан айының аяғында Бангкок пен Суваннапхум халықаралық әуежайынд жарылыс жасауды жоспарлаған алты күдіктіні полицияға тапсырды, деп хабарлады Bangkok Post газетінің интернет-нұсқасы.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, жарылысқа дайындық туралы Таиландқа Австралия арнайы қызметі хабарлаған. Ақпарат келіп түскен сәттен полиция мен әскерилер Бангкоктың түрлі аудандарынан күдіктілерді іздеу жөніндегі ауқымды операцияны бастап кетті. Нәтижесінде, елдің «қиыр оңтүстігіндегі» мұсылман провинцияларының үш тұрғыны ұсталды. Ол аймақта 2004 жылдан бері жергілікті ислам содырлары мен тайландтық қарулы күштер арасында қарулы қақтығыстар жүріп жатыр.

РИА Новостидің хабарлауынша, тергеу барысында ұсталған алғашқы үш күдікті сыбайластарының есімін атаған. 6 желтоқсан күні Бангкок қылмыстық соты алдыңғы үш күдіктіні қосқанда, 14 адамды қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Сәрсенбі күні Бангкокта полицияға тапсырылған алты күдікті іздеуде болған және берілген қаулыға сәйкес ұсталды, деп жазды газет. Басылым күдіктілерді қашан және қайда ұстағанын хабарлаған жоқ. Таиланд заңы бойынша, әскери билікте алдын ала тергеу жүргізу үшін азаматтарды 7 күн бойы ұстау құқығы бар және тергеуден соң оларды полицияға беруге міндетті.

Алты күдіктінің бесеуі - «қиыр оңтүстік» провинцияларының тумалары, біреуі - Бангкок тұрғыны, делінген Bangkok Post мақаласында.