Таиландтағы қазақстандық демалушы: Қалаға шығу қорқынышты, бірақ демалысымызды жалғастырдық

АСТАНА. ҚазАқпарат - Курортты Паттайя қаласында демалып жатқан қазақстандық Таиландтың оңтүстігінде болған бірнеше жарылыстан кейінгі ахуал туралы айтты.

«Жаңалықтарды қазақстандық БАҚ-тан білдік. Абырой болғанда, ол бізге әсер етпеді. Демалып жатырмыз», - деді қазақстандық турист Ильзат Сафаргалиев.

Отандасымыз дегенмен де қалаға шығу қорқынышты екенін жеткізді.

«Біз курортты аймақтамыз. Ол бөлек мемлекет сияқты. Алайда, қалаға шығу қорқынышты», - деді ол.

Айта кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Таиландта орын алған бірқатар жойқын жарылыстардан қаза тапқандар мен жарақаттанғандар арасында қазақстандықтар жоқ екенін бұған дейін мәлім еткен болатын.

Бүгін түнде Таиландтың оңтүстігінде орналасқан курорттық аймақтарда - Сурат Тхани қаласында, Пхукет аралы мен Хуахин елді-мекенінде бірқатар жарылыс орын алды. Алдын ала таратылған мәлімет бойынша, төрт адам қаза тауып, ондаған адам жараланды.