Таиландтан тәттілер арасында 4,7 келі есірткі алып келген бойжеткен сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Таиландтан Қазақстанға есірткі жеткізген екі адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірі 4,7 келі каннабис экстрактын тәттілер ретінде алып өтпек болса, екіншісі есірткіні пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, бірінші іс бойынша 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан есірткі салынған екі шабаданды жеткізген. Жалпы салмағы 4,7 келі каннабис экстракты тәттілер ретінде жасырылған. Алайда заңсыз жүк оның Астана әуежайына ұшып келген бойда анықталып, тәркіленді.

Сот бойжеткенді 16 жылға бас бостандығынан айырды.

Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде Таиландтан Қазақстанға есірткіні халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып, пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған.

Бұл сәлемдемені алуға тиіс үш адам бұған дейін сотталған. Есірткіні жіберген ер адамға іздеу жарияланып, кейін ұсталған соң сот алдында жауап берді. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Екі іс бойынша да мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады. Үкімдер әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Telegram арқылы есірткі сатқан топ мүшелері сотталғанын хабарлаған едік.