Таир Нигманов: Президенттің технологиялық дамуға назар аударуы болашақтағы бәсекелестік үшін маңызды

АСТАНА. KAZINFORM - Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мемлекеттердің экономикалық әлеуетіне, халықаралық байланыстарына және жаһандық бәсекедегі орнына тікелей ықпал етіп отыр. Бұл үдерісте технологиялық дербестікті нығайтумен қатар, халықаралық тәжірибе алмасу мен әріптестікті дамыту да маңызды мәнге ие.

Фото: Kazinform

Қазақстан осы бағытта цифрлық трансформацияны жалғастырып, жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге, құқықтық негізді жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысуы да осы мәселелер бойынша диалогты дамытуға және Қазақстанның технологиялық күн тәртібін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған.

Саясаттанушы Таир Нигманов халықаралық алаңдардың технологиялық әріптестікті нығайтудағы рөлі, Қазақстанның цифрлық дамуындағы жетістіктері, Ресеймен атом энергетикасы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ адами капиталды дамыту мен жасанды интеллект саласындағы ашық халықаралық өзара іс-қимылдың маңызы туралы пікір білдірді.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысуы цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы белсенді диалогтың жалғасы болды. Осындай халықаралық алаңдардың екі ел арасындағы технологиялық әріптестікті нығайтудағы маңызын қалай бағалайсыз?

— Бүгінде жасанды интеллект халықаралық қатынастардың ғана емес, жалпы қоғамдық-мәдени күн тәртібінің де негізгі тақырыптарының біріне айналды. Әрине, бұл мемлекеттердің сыртқы байланыстарына да әсер етіп отыр.

Қазір технологиялық бәсекенің жаңа кезеңін байқап отырмыз. Өйткені мемлекеттің технологиялық прогресі көп жағдайда жасанды интеллектіні дамыту деңгейіне байланысты. Өзінің дербес жасанды интеллект технологиялары бар және оларды түрлі салаларда қолдана алатын мемлекеттер қосымша артықшылықтарға ие болып, табысты дамуға көбірек мүмкіндік алады.

Сондықтан елдер өздерінің дербес технологияларын барынша жедел дамытуға, сондай-ақ тәжірибе алмасып, бір-бірінің озық тәжірибесін меңгеруге ұмтылып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге ел ішінде ғана емес, халықаралық аренада да ерекше назар аударуы заңды. 
Бұл халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, басқа мемлекеттердің озық тәжірибесін зерделеуге және жасанды интеллект саласын одан әрі өркендету үшін тиімді шешімдерді қолдануға мүмкіндік береді.

Менің ойымша, мұндай ұстаным – заңды әрі уақыт талабынан туындаған қадам.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстандағы цифрлық трансформацияның нақты нәтижелерін атап өтті. Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру кезеңінен өз технологиялық шешімдерін әзірлеу кезеңіне жүйелі түрде көшіп жатыр деп айтуға бола ма?

— Технологиялардың, әсіресе жасанды интеллектінің, қоғам өмірінің барлық саласына кеңінен енуі мемлекеттердің алдында жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған байланысты әр ел технологиялық дамуды қолдау мен оны тиімді реттеудің оңтайлы жолдарын қарастыруда. Қазақстан бұл бағытта теңгерімді ұстанымды басшылыққа алып, жаңа технологияларды дамытуға қолайлы жағдай жасаумен қатар, оларды қолданудың құқықтық негіздерін қалыптастыруға басымдық беріп келеді.

Қазақстан әлеуметтік желілер мен жасанды интеллектіні дамытуға ашық. Сонымен бірге оларды жауапкершілікпен әрі жүйелі қолдануға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді жетілдіру үстінде. Мұндай тәсіл технологиялық прогресс пен қоғамдық мүдденің үйлесімді дамуына негіз болады.

Осындай бағытты Еуропаның көптеген мемлекеттері де ұстанады. Себебі жасанды интеллектінің өмірдің барлық саласына енгізілуі жаңа құқықтық және этикалық мәселелерді шешу қажеттігін туындатып отыр. Соның бірі – авторлық құқық мәселесі. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегімен жасалған контентке авторлық құқықтың тиесілігін анықтау және оны құқықтық тұрғыдан қорғау тетіктері өзекті болып отыр.

Жасанды интеллект оқыту барысында пайдаланылған ақпараттар мен материалдарды талдау негізінде жаңа контент қалыптастырады. Мәселен, мыңдаған кітап пен фотосуретті зерделеу арқылы жаңа туындылар жасай алады. Осы ретте нейрондық желілерді оқыту кезінде пайдаланылған материалдардың авторлық құқықтарын сақтау және дереккөздерді көрсету мәселесі маңызды мәнге ие.

Жалпы, жасанды интеллектіні қолдануға қатысты құқықтық мәселелер ауқымды. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанда да жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект туралы» заңның әзірленуі мен қабылдануы осы саланың құқықтық негізін қалыптастырудағы маңызды қадам болды.

Қазақстан жаңа технологияларға ашық екенін және оларды дамытуға дайын екенін нақты істерімен көрсетіп отыр. Сонымен қатар осы саланы реттеуге қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру қарқыны бойынша халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Еліміз жаңа технологияларды қолдану тәртібін жүйелеп, олардың дамуына қажетті құқықтық негізді кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан жекелеген бағыттар бойынша халықаралық деңгейде танылған тәжірибеге ие. Соның бірі – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласы. Мұны халықаралық рейтингтер, соның ішінде БҰҰ зерттеулері де растайды. Қазақстан осы бағытта жинақтаған білімі мен тәжірибесін басқа мемлекеттермен бөлісіп, цифрлық шешімдерін экспорттау арқылы экономикалық әріптестікті де дамытып отыр. Шет мемлекеттердің қазақстандық тәжірибеге қызығушылық танытып, оны өз жүйелеріне енгізуге ұмтылуы – еліміздің цифрлық саладағы әлеуетінің көрінісі.

Азаматтар да цифрлық технологияларды күнделікті өмірде белсенді пайдаланып, жаңа мүмкіндіктерге бейімделіп келеді. Мысалы, бүгінде көптеген адам жеке куәлігінің электронды нұсқасын банк қосымшалары арқылы көрсетуді қалыпты тәжірибеге айналдырған.

Бұл – Қазақстандағы цифрлық трансформацияның қарапайым мысалдарының бірі. Осындай өзгерістер күнделікті өмірдің көптеген саласын қамтып отыр. Атап айтқанда, пошта қызметтерімен байланыс орнату, түрлі анықтамалар мен қызметтерді алу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау үдерістері цифрлық форматқа көшуде. Мұның барлығы технологиялардың азаматтар өміріне терең еніп, күнделікті қолданыстың ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетеді.

— Мемлекет басшысының сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы жасанды интеллект, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, атом энергетикасы саласындағы бірлескен жобалар, цифрлық көлік дәлізін құру және ақпараттық жүйелерді интеграциялау мәселелері қозғалды. Мұндай өзара іс-қимыл Қазақстан үшін қандай жаңа экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерге жол ашады?

— Экономиканың дамуы, Президент жариялаған ауқымды құрылыс жобаларының жүзеге асуы, деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) салынуы, экономиканы цифрландыру және цифрлық технологиялардың өмірдің барлық саласына кеңінен енгізілуі электр энергиясына деген сұранысты едәуір арттырып отыр. Бұған халық санының тұрақты өсуін де қосуға болады. Алдағы жылдары электр энергиясын тұтыну көлемі одан әрі айтарлықтай өседі деп күтіліп отыр. Сондықтан Қазақстанның өз энергетикалық қуаттарын жүйелі түрде арттыруы маңызды.
Осы қажеттіліктерді ескере отырып, екі атом электр станциясын салу бастамасы жарияланды. Бұл – экономиканың объективті сұранысы мен елдің алдағы даму перспективаларынан туындаған заңды шешім.

Атом электр станциясын салу – озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені қажет ететін күрделі жоба. Бұл бағытта Қазақстан өзінің дәстүрлі көпвекторлы сыртқы саясатына сай ұстанымын көрсетті.

Атап айтқанда, атом электр станцияларын салатын мердігерлерді таңдау барысында конкурс ұйымдастырылып, оның ақтық кезеңіне бес елдің өкілдері өтті. Нәтижесінде Қазақстан АЭС салу саласында әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына кіретін екі көршісі – Ресей және Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп отыр.

Екі елдің де атом электр станцияларын салу бағытында мол тәжірибесі бар. Қазіргі таңда Қытай салып жатқан атом электр станцияларының саны жағынан алда болса, Ресейдің шетелдерде осындай нысандарды салу тәжірибесі анағұрлым ауқымды.

Осылайша, Қазақстан әлемдік атом энергетикасының екі жетекші өкілімен қатар ынтымақтастық орнатып отыр. Оның үстіне, бұл мемлекеттер – еліміздің ең жақын көршілері. Мұндай ұстаным халықаралық байланыстарды әртараптандыру қағидатына сәйкес келеді және стратегиялық маңызы бар әріптестікті бір ғана мемлекетпен шектемеуге мүмкіндік береді.

Демек, Мемлекет басшысы бұл бағытта да көпвекторлы саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып, халықаралық әріптестігін кеңейту және сыртқы байланыстарын әртараптандыру бағытын ұстанып келеді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ұрпаққа тұрақты түрде көңіл бөлуі де ерекше назар аударуға тұрарлық. AI Journey 2026 аясында да жас әзірлеушілермен және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарымен жүздесті. Президент күн тәртібіндегі бұл бағыт нені аңғартады? Мұндай ұстаным Қазақстанның жаңа буын ғалымдарын, инженерлері мен технологиялық кәсіпкерлерін қалыптастыруда қаншалықты маңызды?

— Адами капитал – мемлекеттің ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі әрі еш әсірелеусіз айтқанда, ел егемендігінің негізі. Мемлекеттің болашақтағы табысты дамуы көп жағдайда адами капиталдың сапасына байланысты. Мемлекет басшысы шетелдік сапарлары мен ірі халықаралық іс-шараларға қатысуы барысында жастармен, студенттермен және дарынды оқушылармен кездесуге үнемі уақыт бөледі.

Сондықтан оны дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл, ең алдымен, жастардың біліктілігін арттыруды, сапалы әрі тәжірибелік білім беру ісін жетілдіруді, сондай-ақ еңбекқорлық, адалдық және кәсіби құзыреттілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та адами капиталды дамытуға, білім мен ғылымның сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Қазақстанға түрлі салалар бойынша жоғары білікті мамандар қажет. Атап айтқанда, елімізге энергетиктер, гидрологтер және басқа да техникалық әрі ғылыми бағыттар бойынша көптеген маман керек. Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық олимпиадалар ұйымдастыру, олардың қатысушыларын қолдап, ынталандыру және дарынды жастардың дамуына қолайлы жағдай жасау маңызды.

Сонымен қатар қоғамда білімге деген құрмет пен оны үнемі жетілдіруге, кәсіби тұрғыдан дамуға деген ұмтылысты қалыптастырудың маңызы зор.

— Президент AI Journey 2026 конференциясындағы сөзінде жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың қажеттігін атап өтіп, технологиялық даму мемлекеттер арасында жаңа кедергілер мен бөліністерге себеп болмауы керектігін айтты. Мемлекет басшысының бұл ұстанымын қалай бағалайсыз?

— Қазақстан әлем елдерінің жасанды интеллект саласында өз жүйелерімен шектеліп қалмай, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Бүгінде ұлттық технологияларды әзірлеумен қатар, тәжірибе алмасып, озық технологиялық шешімдерді тарату мен енгізудің де маңызы зор. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллект саласында ашық диалог пен ынтымақтастықты қолдайды.
Бұл – халықаралық технологиялық дамудың мүддесіне сай келетін прагматикалық ұстаным.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістіктеріне оң баға берді.