«ТАК Астана» дзюдо клубы I Халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

АСТАНА. 2 қараша.ҚазАқпарат - Астанада өткен дзюдодан ерлер арасындағы I Халықаралық клубтық турнирде «ТАК Астана» кәсіби дзюдо клубы жеңімпаз атанды.

Бірінші айналымда біздің дзюдошылар Челябі қаласының спортшыларын 6:1 есебімен жеңді. Екінші кезеңде Латвияның «Riga Dome» кәсіби дзюдо клубынан басым түсті. Есеп 5:2. Ал финалда украиндық «City Commerce Bank Team» клубымен кездесті. Жеті жекпе-жектің қорытындысы бойынша «ТАК Астана» төрт ұпайға ие болып, жеңімпаз атанды. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған дзюдодан клубаралық турнирде ел намысын Елдос Сметов, Асхат Телманов, Азамат Мұқанов, Сергей Лим, Ертуған Төренов, Дастан Үкібаев, Дәулетхан Жақыпов, Максим Раков, Ержан Шынкеев және үш легионер қорғады. Оларға қарсы Ресей, Латвия, Украина мен Қырғызстанның дзюдо клубтары шықты.

Астанада өткен ерлер арасындағы I Халықаралық клубтық турнирдің сыйақы қоры - 100 мың АҚШ доллары. Бірінші орынға - 50 мың, екінші орынға - 30 мың, ал үшінші орын үшін 20 мың доллар берілді.