«Тақиялы періштенің» айтылмаған аңызы (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы кинематограф Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмі жарты ғасырдай көрермендердің көзайымына айналған көркем туындыға айналды. Бүгінгі күнге дейін теңдесі жоқ комедияның сәтті шығуының сыры неде? Ол туралы толығырақ «Қазақстан» телеарнасындағы «Сенбілік кездесу» бағдарламасынан бүгін, сенбі кешкі 21-00-де тамашалай аласыздар, деп хабарлады «Ұлттық арнаның» баспасөз қызметінен.

Аңызға айналған фильмнің басты кейіпкерлері бүгінгі күні немен айналысады? Бас кейіпкерлерді сомдаған Әлімғазы Райымбеков пен сатушы-қыз Айшаның (шын есімі - Шолпан) кинодағы махаббаттары шынайы өмірде жалғасын тапты ма, француз тілінің ұстазы кинодан неге аяқасты кетіп қалды? Түсірілім алаңынан бірнеше рет кетуге оқталған А.Райымбековты Ш.Айманов қалай тоқтата алды? Аңызға айналған тақия бүгінгі күні қайда сақталған? 28 жастағы география пәнінің мұғалімі Тайлақтың рөлін сомдаған Әлімғазы аға бүгін немен айналысады? 10 баланың әкесі, 20 шөбере сүйіп отырған ақсақалдың бүгінгі арманы қандай? Балаларының бірі болса да неге актер жолын қумады, немерелері атамыз «тақиялы періште» Тайлақ деп мақтана ма?

««Сенбілік кездесу» бағдарламасына фильмнің түсіріліміне қатысқан басқа да күтпеген қонақтар келеді. Ең басты жаңалық: «Тақиялы періште» туындысының екінші бөлімін түсіруге дайындық жүргізілуде. Бағдарламаға жетіспей тұрғаны - аяулы Әмина Өмірзақова апамыздың күлкісі ғана», делінген хабарламада.