«Алтын әйел» жәдігерін археолог Яна Лұқпанова 2012 жылы қазба жұмыстары кезінде тауып, әлемдік сенсация жасаған еді. Қабірден әйелдің мүрдесімен бірге алтын әшекейлері, жапырақты жапсырмалары, білезіктері табылған болатын.
Зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, Тақсай кешенінен табылған «Алтын әйел» қабірі ежелгі сармат кезеңіне тиесілі. Олай деуге әйелдің жерлену тәсілі мен сары металдан жасалған бұйымдар негіз болған. Сондықтан оны біздің заманымызға дейін V-VІ ғасырларға жатқызды.
Тақсай ханшайымының бейнесін Алматы қаласындағы «Остров Крым» ғылыми-қайта қалпына келтіру шеберханасының мамандары ғалымдармен бірлесе отырып, қайта қалпына келтірген. Ал, жәдігерді зерттеу жұмыстары БҚО тарих және археология орталығында жасалған.