Осы орайда депутат Үкімет басшысының атына жолдаған өз сауалында соңғы жылдары Қазақстанда онлайн-платформалар арқылы, әсіресе жеткізу және жолаушылар тасымалы саласында жұмыспен қамту қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Сарапшылардың бағалауынша, 394 мыңға жуық азамат цифрлық сервистер арқылы табыс тауып отыр, ал интернет-платформаларды орындаушылардың жалпы саны көбейіп келеді.
Сауалда платформалық орындаушыларда негізгі еңбек кепілдіктерінің жоқтығына, соның ішінде табыстың тұрақсыздығына, сақтандырудың болмауына, дауларды шешудің ашық тетіктері мен платформалар тарапынан қабылданатын біржақты шешімдерден қорғаудың жоқтығына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты халықаралық тәжірибе бұл саланы жүйелі реттеуге көшу қажеттігін көрсетіп отыр.
- Цифрлық және салық бойынша инфрақұрылымды реттеу бойынша мемлекеттік жүйелер мен платформалар арасындағы интеграцияны ретке келтіріп, ақпараттық қателіктерден туындаған барлық негізсіз берешектер мен өсімпұлдарды автоматты түрде жою тетігін енгізуді қарастыру керек. Салық жүктемесін жеңілдету үшін әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде шығындарды, яғни жанармай, көлік жөндеуді шегеріп тастау әдістемесін де қарастыруды ойластыру керек. Құқықтық мәртебе және тарифтік кепілдіктер бағытында платформалық жұмыстың ерекшеліктерін ескеретін жеке заңнамалық акт әзірлеуді, онда «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін бекітіп, ең төменгі сағаттық төлем стандарттарын енгізуді қарастыру керек, - деді Бибігүл Жексенбай.
Сонымен қатар ол платформалардағы орындаушыларды сақтандыру мәселесіне назар аудару керек екенін айтты.
Сенатор бұл салада жүйелі заңнамалық шараларды әзірлеу еңбек нарығының ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және елдегі платформалық экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік беретінін мәлім етті.
Айта кетейік, былтыр депутаттар Қазақстанда такси саласында 500 мыңнан астам адам еңбек ететінін, алайда бұл нарық әлі күнге дейін жеткілікті деңгейде реттелмей отырғанын мәлімдеген еді.