Таксист әлеуметтік фильмдер түсіреді - СҚО

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында такси жүргізушісі қысқа метражды әлеуметтік фильмдер түсіріп, екі картина да әлеуметтік желіде көрермендердің жақсы бағасын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статус отца» деп аталатын бұл фильм – Дамир Макимкеновтың екінші жұмысы.

Қысқа метражды фильм 11 минутқа шақталған. 4 кейіпкер бар: олар әкесі, анасы, қызы және жігіт. Сценарий бойынша жігіт бай отбасынан шыққан, тәрбиесі нашар. Қарапайым мамандық иелерін, қара жұмысшыларды менсінбейді.

«Статус отца» фильмінде оқиға желісі ойдан алынғанымен, мұндай жағдайлар өмірде, өкінішке орай кездесіп тұрады. Байлардың немесе лауазымды адамдардың өзін басқалардан жоғары ұстауы, менсінбеуі. Менің мақсатым осындай адамдарға ой салып, оларды өздеріне сырттарынан көрсету еді. Өмір алма-кезек екенін ұмытпағанымыз жөн», - дейді Дамир Макимкенов.

Әлеуметтік фильмнің авторы да, режиссері де Дамирдің өзі. Кәсіби білімі жоқ. Такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Фильм түсіру – Дамирдің хоббиі.

«Интернеттен еліміздің басқа қалаларында түсірілген қысқа метражды фильмдерді қызыға қарап жүрдім. Кейін неге маған да осындай бір фильм түсіріп көрмеске деген ой келді. Отырып, сценарий жазып шықтым. Туған- туысыма көрсетіп едім – ұнатты. Тағы бірнешеуін жазып, қолдау таптым.

Кейін оператор Максим Глотковпен таныстым, ол жұмыс істеуге келісті», - дейді әуесқой режиссер.

Айтуынша, арнайы оқуын оқымаса да, бұл фильмді түсіру қиынға соқпаған.

«Сценарийді жазысымен үйдегілерге, достарыма көрсетіп, пікірлерін білдім. Орыс-драма театрының мықты режиссері бар Виктор Шалаев деген, сол кісіге көрсетемін. Қарағандыда Төребек Орын деген режиссер бар. Ол кісі «Гонки», «Эго» фильмдерін түсірген. Онымен әлеуметтік желі арқылы таныстық. Соларға көрсетіп, ақыл-кеңестерін аламын», - дейді Дамир.

Сценарийді ол 4 күннің ішінде толық жазып шыққан. Ал фильмді бір күннің ішінде, таңертеңнен кешке дейін түсірген.

«Актерлерді онлайн кастинг өткізіп, таңдап алдым. Жұрт әлеуметтік желі, түрлі мессенджерлер арқылы фотоларын жіберді. Сондай-ақ Н.Погодин атындағы облыстық орыс-драма театрының директоры Спартак Рамазанов маған басты рөлдерге актерлерді іріктеп алуға көмектесті. Әкенің рөлін қуыршақ театрының сахнагері Сапар Мапенов сомдады. Ананың рөлінАйгүл Кенжеғозина-Хасенова ойнап шықты. Актерлер де менің ойымды бірден түсініп, тез тіл табыстық», - дейді фильм авторы.

Қысқа метражды фильм Бескөл ауылы мен Петропавлдың ықшамаудандарында түсірілген.

«Киноны жарыққа шығаруға бір тиын қаражат жұмсалмады. Оған басты себеп - фильмде өзекті мәселенің қозғалуы деп білемін. Идеясы ұнағандықтан актерлер де қаражат сұрамады. Кейін әлеуметтік желілерге, топтарға орналастыруда да қиындық көрген жоқпын.

Алғашқы фильмім – «Дедушка» да көрермендердің жақсы бағасын алды. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Қазір екі сценарий жазып жатырмын. Оның біреуі – «Дедушканың» жалғасы. Екіншісі көпке үлгі боларлық жігіт туралы. Тәжірибе жинағаннан кейін толық метражды фильм түсіру жоспарымда бар.

Мен қарапайым отбасыдан шыққанмын. Анам - үй шаруасындағы әйел, әкем – тракторист. Сол себепті де шығар, қарапайым адамдардың өмірін көрсетемін. Әлі де әлеуметтік кинолар түсіру жоспарда бар. Бірақ жанрды өзгертпекпін. Қызықты оқиғаларды негізге алып, сол жайында экранға шығарып көргім келеді», - дейді Дамир Макимкенов.