Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Қарасай ауданында болған. Маусымның 11-і күні 29 жастағы әйел полицейлерге арызданған. Айтуынша, белгісіз такси жүргізуші оның тыныс алу жолын химикаттың иісі мүңкіген шүберекпен тұншықтырып, тонаған. 5-6 мың теңгедей ақшасы мен ұялы телефонынан айырылған жәбірленушінің тыныс алу жолдары күйіп қалған.
«Жедел іздестіру барысында Қарасай ауданының полицейлері барлық бейне бақылау камераларын тексерді. Көліктің маркасы анықталды. Жәбірленушінің айтуы бойынша фоторобот әзірленіп, күдікті қолға түсті. Ол - 23 жастағы көрші Іле ауданының тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынған», - деп мәлімдеді аталған ведомство қызметінен.
Жәбірленуші өзін тонаған күдіктіні бірден таныды. Анықталғандай, такси жүргізушісі әйелді сірке суына малынған шүберекпен тұншықтырған.