«Тальгоның» билетсіз жолаушылары техвагонда тасымалданған

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - «Алматы-Атырау» бағдары бойынша жүрген №77 «Тальго» жүрдек жолаушылар пойызының тексерісі нәтижесінде Көлікті бақылау комитетінің аумақтық органдарымен 15 билетсіз жолаушы тасымалданғаны анықталды.

ҚР ККМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оның ішінде пойыздың 4 билетсіз жолаушысы бүкіл пойыз құрамын электр қуатымен қамсыздандыратын дизель құрылғысы орнатылған техникалық вагонның ішінде тасымалданған. «Бұл жағдайда негізгі жауапкершілік жолаушыларды қауіпті вагонда тасымалдаған тасымалдаушының мойнында. Оның ішінде ешқандай жағдай жасалмаған: техвагонда сол вагонға қызмет көрсететін механикке бір ғана орын жабдықталған», - деп түсіндірді ҚР ККМ Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының жетекшісі Берік Істілеев. Ол сонымен қатар жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзған үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ тасымалдаушысы қызметкерлерінің әрекетіне әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Тасымалдаушылармен теміржол көлігімен Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережелерін ұстану бойынша тексерісі жалғасуда.