«Талақ» деп тастай беретіндерге жол жоқ»- баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) 70 жылдығы қарсаңында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасы үйлестірушілерінің бастамасымен «START» атты ауқымды жоба өз жұмысын бастады. Аталмыш жоба болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін технологияның дамуына ықпал етуге бағытталған. БҰҰ-ның Жаһандық хабы, ЮНЕСКО-ның тұрақты даму бойынша аймақтық хабы болып табылатын, сондай-ақ, әлемнің жоғары технологиялық таңдаулы 50 университет қатарына кіретін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аталмыш жобаны іске қосу мәртебесіне ие болды. Бұл көрсеткіш ҚазҰУ-дің беделінің өте жоғары екендігін және әлемдік деңгейде ғылым мен технологияның дамуына қосқан зор үлесінің белгісі екендігін айқындайды. Конференцияда ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов қазіргі заманда қабілеттілік пен технология дамуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, конференцияда, БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасына оның ішінде, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған «Әлемнің жандануы: 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бойынша күн тәртібі» құжатына баса назар аударылды. Жобаны іске қосу рәсіміне БҰҰ, БҰҰ Даму бағдарламасының көрнекті өкілдері, ірі халықаралық қорлар, сонымен қатар, Стэнфорд, Кэмбридж, Оксфорд университеттері, Сингапурдың ұлттық университеті секілді 30-дан аса әлемнің көшбасшы университеттері қатысты. «START» жобасы әлемдік технологиялық даму сұрақтары бойынша күштерді жұмылдыру және арттыруға бағытталған. Конференция қатысушылары және қонақтары арасындағы интеллектуалды ойталқылар тұрақты келешек үшін технологиялық дамудың мақсаттарын жүзеге асырудағы зерттеу университеттерінің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталды. Осы жайында газет «ҚазҰУ БҰҰ-ның жаңа жобасын бастады» деген материалында жазып отыр.
Бас басылымда «Талақ» деп тастай беретіндерге жол жоқ» деген материал берілген.
Біздің қазіргі қоғамды әсіредіншілдік пен теріс ағымның жетегінде кеткен арамза молдалардың әуре-сарсаңға салып қойғаны ащы шындық. Ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген бұларға тыйым салынбайынша, дәстүрлі дініміздің абыройын аман сақтап қалу неғайбыл. Айтпасқа болмайды, бұл күнде теріс ағымдардың жетегінде жүрген адасқандар неке институтын да ойыншық қылып алған. - Мысалы, - дейді Қарағанды облыстық мешітінің бас имамы Өмірзақ Бекқожа, - жастар үй ішінен жасырынып үйленеді. Ол-ол ма, елімізде «халал жезөкшелік» деген түсініктің пайда бола бастағаны қатты алаңдатады. Жап-жас қыздар теріс ағым санасын улаған жігіттерге тұрмысқа шығады да, оңбай опық жейді. Өйткені, олардың күйеусымақтары желіктері басылғаннан кейін «талақ» деп үш рет қайталайтын көрінеді де, «сүйіп қосылған» келіншектерін достарының қойнына салып береді екен. Және де бұл сұмдық бір емес, бірнеше рет қайталанатын көрінеді. Дінтанушылардың айтуынша, осының кесірінен елімізде әкесінің кім екені белгісіз бүтіндей бір «харам» ұрпақ өсіп келеді. Тағдырдан осылайша таяқ жеген сормаңдайлардың барар жер, басар тауы қалмаған соң Сириядағы содырлардың қатарын көбейтуден басқа амалы қалмайды... Енді жағдай мүлде басқа бағытта дамуы мүмкін. Неге десеңіз, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының нұсқауы бойынша, бұдан былай мешіттерде жастардың некесі қиыларда олардың ата-аналарының рұқсаты және АХАЖ берген неке туралы куәлік міндетті түрде талап етілетін болады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазіргі әлемдік дағдарысты ескере келе, Қазақстан мемлекеттік органдардың штат санын өсіруге, шенеуніктердің әкімшілік шығындарын өсіруге, жаңа заттар сатып алуына мораторий жариялады. Бұл туралы кеше Парламентте Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Осы күні Мәжілісте еліміздің алдағы үш жылдағы басты қаржылық құжаты - «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеттің» таныстырылымы өтті. Осында мәлім болғанындай, мемлекет дүниені дүрліктірген дағдарысқа қарамастан, даму даңғылынан таймайтын болады. Таныстырылым рәсімінде баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов Қазақстанның өз бюджетін «мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы 1 баррелі үшін 40 доллар болады» деген болжамға сай құрып отырғанын хабарлады. Осы жайттың өзі қазақстандықтардың қазір қандай құбылмалы заманда өмір сүріп отырғанын аңғартады: кезінде «2013-2015 жылдарға арналған үшжылдық бюджет» Қазақстанның басты тауары - «қара алтынның» бір бөшкесінің құны 95 доллар тұрады деген болжамға сай бекітілген болатын. Енді бұл көрсеткіш екі еседен артыққа құлап отыр. Егер қарапайым арифметикаға жүгінсек, елдің шығысы да екі еседей азайып кететіндей. Бірақ мемлекет басты бағдарламаларды, әлеуметтік салаларды қаржыландыру көлемін көп төмендетпей, сақтап қалуға қол жеткізіпті. Бұл жайында «Қазынада қор барда, қорқыныш жоқ» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Жас шебер 3D еден жасаумен шұғылданады» деген мақала жарияланды. Өзгеше өнерді меңгерген 22 жасар Ербол Әшірбек ұзақ ізденістің арқасында 3D еден жасауға машықтанған. Бүгінде өз үйімен туған-туыстарының үйін безендірген шебер кәсібінің аясын кеңейтуді көздейді. Ерболдың негізгі мамандығы - компьютер бағдарламашысы. Оқуын бітіре салысымен өзгеше бір дүние жасауды көздеген ол көп ізденеді. Ресей сайттарынан құйылмалы еден жасау курсын көзі шалған ол Новосібір асып осы кәсіпті меңгеруге бел буады. Нәтижесінде Қазақстаннан Ресейге барған ол 3D еден жасауды меңгеріп келді. 3D еденнің құрамы бірнеше элементтен тұрады. Әрі оның жабдықтарын арнайы тапсырыспен Ресейден алдырады екен. Бір ғана түспен өрнексіз және өзіңіз қалаған суретпен ою мен өрнек жасап береді. Алғашқы жұмысын өз бөлмесінен бастапты.
***
Италияның ветеринарлары Каспий маңы өңірінде құс тұмауының болуы мүмкіндігі туралы Қазақстандағы әріптестерінің күдігін сейілтті, деп жазады «Экспресс-К» газеті бүгінгі санындағы «Утки нервно откашлялись» атты материалында.
Басылымның атап өтуінше, биылғы жазда Каспий теңізінің жағалауында суқұзғындардың өлексесі табылған болатын. Кейіннен құс тұмауына қатысты тексерулердің нәтижесін қайта қарау үшін Италиядағы институтқа сынамалар жіберілген. Ол жердегі ветеринарлар Каспий маңы өңірінде құс тұмауы жоқ екенін нақтылады.