Талантты жастарға олимпиадалық резерв дайындалатын орындарда жаттығуға мүмкіндік беру керек - Мұхтар-Құл-Мұхаммед

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Талантты жастарға олимпиадалық резерв дайындалатын орындарда жаттығуға мүмкіндік беру керек.

Бұл туралы бүгін Ақордада өткен спорттағы жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

Жиын барысында  олимпиадалық резерв дайындалатын бассейінге келіп кіру үшін кез келген адам медициналық тексеруден өтіп, арнайы анықтама алуы керектігін атап өткен Мемлекеттік хатшы: «Өйткені, ол жерде үлкен спортшылар дайындалады. Сондықтан да бәріне бірдей мүмкіндік болмас. Бірақ жоғары оқу орындарында оқитын жүзуге қабілетті талантты балалар неге олимпиадалық резервтің бассейінінде дайндалмасқа?», - деді.

Сонымен қатар ол ауыр атлетикамен айналысатын жоғары оқу орындарының студенттері де сол олимпиадалық резервтің  командасымен бірге ара-тұра жаттығып тұруы керектігін атап өтіп, олар талантты жастарға шеберлік сыныптарын өткізу керектігіне назар аудартты.

«Мәдениет саласында осы мәселе бізде жиі қолданылады. Үлкен мәдениет шеберлері,  Кеңес одағының халық әртістері Қазақстанға келген кезде не болмаса Астана мен Алматыдан өңірлерге барған кезде, сол жердегі драмалық театр филармония, халық аспаптар оркестірімен шеберлік сыныптарын өткізіп,  араласып отырады», - деді М.Құл-Мұхаммед.