Талапқа сай келмейтін құрылыс нысандарын пайдалануға бергені үшін 4 млн теңгеге жуық айыппұл салынды - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында құрылыс саласындағы құқық бұзушылықтардың саны қысқарып келеді.  Дегенмен, тұтынушы өкілдері мен кейбір мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан кейбір құрылыстардың сапасыз салынғандығы анықталып отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат.

 Облыстық  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы осы жылдың І тоқсанында 19 әкімшілік істі қараған. Оның ішінде 12-сі белгіленген тәртіппен қабылданбаған нысанды пайдалануға беруге қатысты болып отыр. Сондай-ақ, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауда жобадан, құрылыс нормативінен ауытқу,  құжаттарда көзделген атқарушылық техникалық құжаттаманы ресiмдеу қағидаларын бұзу құрылыс нысандарын жобалау-сметалық құжаттамасыз салу, құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру секілді кемшіліктер кездесіп отыр. Осыған сәйкес кінәлілерге жауапкершілікке тартылды.

  - Барлық салынған әкімшілік айыппұлдың көлемі  3 244 670 теңге. Әкімшілік іс өндірісін қарау үшін сотқа 14 іс  жолданды. Олар құрылыс қызметімен рұқсатсыз, лицензиясыз, бiлiктiлiк аттестатсыз айналысқан. Сотқа жолданған 14 іс бойынша 658 010 теңге айыппұл салынды. Барлық салынған әкімшілік айыппұлдың көлемі -3 902 680 теңге, - дейді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев.