Талапкерлерді кәсіпке бағдарлайтын жүйемізді түзете алмадық – Саясат Нұрбек

Фото: Фото: Дамир Ерубаев

АСТАНА. KAZINFORM – «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім гранты саласындағы өзгерістер, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Мемлекеттік білім гранттарында қандай өзгерістер болады?

«Биыл оңай болған жоқ. Су тасқыны болды, аймақтағы экономикалық та, саяси да жағдай оңайға соқпайды. Соған қарамастан осыдан 2 жыл бұрын белгілеген бағытымыздан жаңылмадық. Қарқынды жұмыс істеп келе жатырмыз. Негізгі үш бағыт бар: жоғары білім, ғылым және тіл саясаты. Жоғары білімге келер болсақ, 8 негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт – қолжетімділік. Оның ішінде: гранттардың санын ұлғайту, жаңа 4 қосымша тетік қосу. Осы 4 тетік те іске қосылды десек болады. Гранттардың саны ұлғайып келе жатыр. Оның өзіндік үрдісі, тәртібі бар. Біз демографиялық өсімде алдын ала қаперге алуымыз қажет. Сондықтан гранттардың санын жыл сайын сәл өсіріп отырамыз. Бірақ, келесі жылдан бастап гранттардың санын емес, сапасы мен көлемін ұлғайтамыз. Гранттардың құны жыл сайын арттырылады», - деді ол.

Осы ретте министр гранттардың 4 қосымша тетігіне тоқталды.

«Біріншісі – сараланған грант. Биыл пилоттық жоба іске асырылды. Айталық, бала жоғары балл ала алмады – 75 не 100 балл алды делік. Бірақ, минималды шекті баллдан жоғары. Толық грантқа іліге алмады. Сондықтан Үкімет 50 пайыздық сараланған грант беруге дайын болды. Кейбір жақсы мамандықта баланы қалдыру үшін, ынталандыру үшін осындай қадамға бардық. 300 сараланған грант бердік. 31 мың талапкер осы 300 сараланған грантқа құқылымын деп өтінім берді. Келесі жылдан бастап гранттардың бір бөлігін осындай сараланған түрде береміз, яғни кейбір мамандықтардан бала кетіп қалмауы үшін 100 емес, 50 не 75 пайыз сараланған грант ұсынамыз. Өздеріңіз білесіздер, ҰБТ тапсырған талапкер бірнеше мамандық таңдайды. Сондықтан біз керекті мамандықтардан талапкер кетпеуі үшін сараланған гранттарды пилоттық жоба ретінде іске қосып көрдік.

Екінші, биыл ақпаннан «Ұлттық қор – балаларға!» жобасы іске асырылды. Кез келген отбасыдағы балаға арнайы шот ашылып, Ұлттық қордан ақша аударылып жатыр.

Үшіншісі – пайызсыз несие жүйесі. Осы жылдан бастап іске асырылатын болды. Толыққанды тетіктерін пысықтадық. «Отбасы банкі» және өзге де бірнеше банк осы жүйеге қосылады. Айталық, талапкер грантқа ілінбей қалды немесе ақылы түрде оқуға ақшасы жоқ. Осыларға ұсынылады. Биыл 0 пайызбен бастаймыз. Келесі жылдан 1-2 пайыз мөлшерлемемен ғана ұзақмерзімді несие алуға болады. АҚШ-та student loan деген жүйе бар. Көп адам соны пайдаланады. Енді бізде де осындай тетік пайдаланылады.

Төртіншісі – «Келешек» жинақтаушы» жүйесі. Келесі аптада Мәжілісте 1-оқылымнан өтеді. Жыл соңына дейін заң қабылданған жағдайда келесі жылдың 1-тоқсанында «Келешек» жинақтаушы жүйесі іске қосылады, яғни гранттан тыс 4 қосымша тетікті талапкерлерге ұсынамыз», - деді министр.

Фото: Дамир Ерубаев

«2025 жылы Астанада жатақхана тапшылығын толығымен жабамыз – уәде» 

Министрдің айтуынша, өткен жылдары министрлік студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін бірнеше жақсы тетікті пысықтады. Субсидиялық нормативтерді 2 есе көтерді. Биыл тағы бір жаңа тетік іске қосылады. Ол – жаңғыртудың субсидиялық нормативі. Бизнес орталық не қонақ үй, болмаса хостел тез арада жатақхана айналдырылады. Бұл тетік келесі жылдың басынан жұмыс істей бастайды. Соның арқасында бірқатар университетте жоғары стандартты жатақханалар пайдалануға беріліп жатыр.

«2025 жылы Астана қаласы бойынша жатақхана тапшылығын толығымен жабамыз. Уәде береміз. Елордада жатақхана мәселесі толығымен шешіледі. Еуразия ұлттық университеті осы жылдың соңына дейін, желтоқсан айында 2 500 төсек-орынға арналған ең үлкен жатақхананы пайдалануға бермек. Жалпы, келесі жылы 4 500 төсек-орын пайдалануға беріледі. Әрине, Алматыда әлі де тапшылық бар. Оны 2-3 жылдың ішінде жаба алмаймыз. Бірақ, естеріңізде болса 3 жыл бұрын 87 мың төсек-орын тапшылығы болса, қазір 14 мыңға дейін төмендеді. Соңғы 4 жылда 50 мыңға жуық төсек-орынға арналған 127 нысан тапсырылды», - деді министр.

Министрдің айтуынша, қалған тапшылықты университеттер хостелдер есебінен жауып отыр. Бұл ретте Алматыдағы хостелде болған қайғылы оқиғадан кейін оларға қойылатын талап өзгерді.

«Негізгі үш шешім қабылданды. Біріншісі – енді хостелдерде тек қана сол университеттердің адамдары тұрады. Сырттан келетін адамдардың тұруына тыйым салдық. Екіншіден – хостелдермен келісімшартқа қол қоймас бұрын арнайы комиссия тексереді. Хостел комиссиядан өте алмаса, онда келісімшартқа қол қоюға тыйым салынады. Үшіншісі – хостелдер үш рет оқу жылының басында, ортасында және каникул кезінде тексеріледі», - деді Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбектің мәліметінше, былтыр 10,5 мың төсек-орынға шақталған 43 жатақхана, биыл 10 567 төсек-орынға арналған 27 жатақхана пайдалануға берілді. Жалпы, еліміздегі ұлттық университеттердің жатақханалары өткен ғасырдың 60-жылдарында салынған, ескірген. Сондықтан қазіргі уақытта министрлік Азия даму банкімен арнайы келісімге қол қойды. Аталған келісімге сәйкес, банк ірі инвесторлар тартады. Мәселен, қытайлық құрылыс компаниясы Ғылым министрлігінің кепілімен жатақхана салып беруге дайын. Осыған орай, бүгінде 30 мың төсек-орынға арналған ірі жоба пысықталып жатыр.

«Төсек-орынның көпшілігі Алматы қаласына тиесілі болады. Бірақ, жер тапшылығы мәселесі шығып отыр. Сондықтан Сәтбаев университеті, Абай атындағы ұлттық университет, Қыздар университетінің ескі ғимараттарын сүріп, орнына жатақханалар мен корпустар салмақпыз. Мәселен, Қыздар университетінде жарамсыз болған асхана бар болатын. Соны қолданбақпыз. Ал Абай университетінде әбден ескірген корпустарының орнына инвестор тарту арқылы үлкен құрылыс бастауға дайындалып жатырмыз», - деді Саясат Нұрбек.

Оның атап өтуінше, еліміздің жоғары оқу орындары білім сапасына толыққанды жауап бере алмайды. Өйткені, университетке қандай талапкердің оқуға түсетінін білмейді. Мәселен, Гарвард университеті студентті өзі таңдайды.

«Біздегі басты мақсат – ҰБТ-да шекті баллдан жоғары балл жинау. Мамандық та, университет те маңызды емес. Таңдау жасаймыз, бірақ, грантқа ілігу – басты мақсат. Шетелде талапкер армандаған жоғары оқу орнын және мамандық таңдайды. Оған ерте дайындалады. Бізде жоғары балл алған талапкер қалаған мамандыққа түсе аламын деп ойлайды. Халықаралық, қатынастар, халықаралық құқық, стоматологияны таңдайды немесе дене шынықтыру мамандығын құп көреді. Өйткені, оған шығармашылық емтиханмен қабылданады және 1 курстан кейін басқа мамандыққа ауысып кетуге мүмкіндік бар. Айталық, 115, 120 балл жинаған бала аз грант берілген, конкурс өте жоғары мамандықты таңдайды. Бір мысал келтіре кетейін. Биыл стоматологияға 30 грант бөлдік. Бір грантқа 35 адам таласты. Ал гранттардың басым бөлігі педагогика, инженерия, ақпараттық технология, ветеринария, орман, ауыл шаруашылығы, жылу энергетикасы сынды мемлекетке қажетті мамандықтарға берілді. Демек, кәсіптік бағыттау жүйеміз әлі түзелген жоқ, жүйеге келтіре алмадық», - деді министр.

Сұхбат соңында Саясат Нұрбек бағдарламада тағы да қонақ болып, ғылым мен тіл саясаты мәселелеріне қатысты сауалдарға жауап беруге уәде етті.

Фото: Дамир Ерубаев