Еске салсақ, кешенді тестілеу өткен жылдардағы жалпы орта білім беру ұйымдарының бітірушілері, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) білім беру ұйымдарының бітірушілері, ҰБТ-ға қатыспаған, халықаралық оқушылармен алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектеп бітірушілері, орыс немесе қазақ тілдерінде оқытпайтын жалпы білім беру ұйымдарының бітірушілері, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері, сондай-ақ оқу орнын шетелде бітірген тұлғалар үшін өткізілген болатын. Сынақ 35 тест өткізу пунктінің (базалық жоғары оқу орындары) базасында жүзеге асты.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтеріне қарағанда, тестілеуге берілген өтініш саны 78793 болса, оның ішінде мектеп бітірушілер - 17769, жалпы орта білімнен кейін (11-сынып) техникалық немесе кәсіптік білім ұйымдарын бітірушілер - 17576, жалпы орта білімнен кейін (9-сынып) техникалық немесе кәсіптік білім ұйымдарын бітірушілер - 43448 адамды құраған. «Сынаққа 76 655 талапкер қатысты, оның ішінде қазақ тілінде - 49 838, орыс тілінде 26 817 талапкер болды. Нәтиже бойынша 48680 талапкер немесе қатысушылардың 63,5 пайызы шекті деңгейден өте алмады. Тестілеуге қатысушылардың 27 мың 975-і немесе 36,5 пайызы межелік шектен өтті. Былтыр кешенді тестілеуге 65439 талапкер қатысып, оның 22763-і (34,8%) межелік деңгейден өтіп, 42676-ы (65,2%) өте алмаған болатын», - делінген баспасөз баянында.
Сынақ барысында тәртіп сақтау ережесін бұзғандары және аудиторияда тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін 89 талапкер шығарылып, нәтижелері жойылған.