Талапкерлердің 74%-ы тестілеуді қазақ тілінде тапсырған

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — ҰБТ басталғаннан бері 164 мыңнан астам тестілеу өткізілді. Талапкерлердің 74%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде және 136 адам ағылшын тілінде тапсырған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.  

Ведомствоның мәліметінше, үшінші аптаның қорытындысына сай талапкерлердің 69%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 65-ті құрады. Ең жоғары нәтиже — 140 балл — Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек бірінші аптада көрсетті.

— Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы «Математика-Физика», 15%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 477 талапкер қатысқан, — делінген хабарламада.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

— ҰБТ басталғалы 206 ереже бұзған жағдай тіркелген. 98 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 108 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ, — деп хабарлады министрліктен.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Жалпы тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түскен.

Еске сала кетейік, бұған дейін ЖОО-ға құжат қашан қабылданатыны туралы жазған едік.