Талдықорған-Үшарал газ құбыры желілік бөлігінің құрылысы аяқталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының барысымен танысты.
Ресми қонақтарды Ақсу ауданындағы құрылыс алаңына облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов бастап барды. Белгілі болғандай, «Талдықорған - Үшарал» газ құбырының желілік бөлігін салу жұмыстары аяқталған. Қазір автоматты газ тарату станциялары тұрғызылуда.
Алдымен «Жансүгіров» АГТС-ының алаңына барған ресми қонақтар мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл ретте Санжар Жаркешов бірінші кезекте жұмыстың сапасына баса көңіл бөлуді қатаң тапсырды.
- «Бүгінгі күні «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салуға үлкен назар аударылып отыр. Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Ұлттық қордың қаржылай қолдауымен қолға алынған ауқымды жоба. Өткен жылы Үкімет басшысы Жетісу облысына келгенде құрылыс жұмыстары басталған болатын. Жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, жұмыстарды қарқынды жүргіздік. Соның нәтижесінде жобаны белгіленген мерзімінен бір жарым жыл бұрын, яғни 2025 жылдың жылыту маусымына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл «QazaqGaz», облыс әкімдігі және мердігер компания – үш тараптың бірлескен үлгілі командалық жұмысының нәтижесі», - деді «QazaqGaz» ҰК» «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Айта кетейік, жобаға ҚР Энергетика министрлігі, Самұрық-Қазына қоры мен Жетісу облысының әкімдігі қолдау білдірді.
Атап өтсек, жобаның технологиялық схемасына сәйкес, газ құбырының жалпы ұзындығы 302,441 км құрайды, жобалық қысымы РР=9,8 МПа. Жобада сондай-ақ 6 газ құбыры-бұрмасын және «Жансүгіров», «Қапал», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай», «Үшарал» - 6 автоматты газ тарату станциясын салу көзделген.
Бүгінгі таңда жаңа газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, кедергілерден өтетін учаскелерді: күрделі табиғи бедерлер, су асты өткелдері және т. б.салу бойынша жұмыстар аяқталу сатысында.
Қазіргі таңда барлық алты автоматты газ тарату станцияларының құрылыстары қатар басталды. Станциялардың дайындығы осы жылдың тамыз айына жоспарланған. Құрылысқа 148 бірлік арнайы техника мен 356 жұмысшы персонал жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстары ерекше бақылауда және кестеден озып келеді.