Талдықорғанда «Алтын сақа» ертегісі алғаш рет 3D форматта сахналанды

ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM — Жаңа форматтағы ертегі қойылымының жарнамасы көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Бір апта бұрын ертегінің бас кейіпкерлері мінген кабриолет көлігі қаланы аралап, ертегінің премьерасын хабарлаған болатын. Содан да болар, театр залына жиналған көрерменнің қарасы қалың.

Фото: Дмитрий Ерофеев

Қойылымда режиссер дыбыстық және визуалды арнайы эффектілерді қолданған. Сондай ақ, жаңа форматтағы спектакль түрлі-түсті декорациясымен, ерекше көз тартарлық киім үлгісімен де кішкентай көрермендерді тәнті етті.

Фото: Дмитрий Ерофеев

«Бүгінгі балаларды бірдеңемен таңғалдыру қиын. Дегенмен Алтын сақаны фэнтези жанрында 3D форматта қойған жөн деп шештік. Актерлік шеберлік өз алдына, спектакльде заманауи техникалық мүмкіндіктерді молынан пайдаландық. Қойылымды көрермендер жақсы қабылдады», — дейді режиссер Мерей Әжібеков.

Фото: Дмитрий Ерофеев

Айта кетейік, бұл ертегі дәл осы театрда 1979 жылы қойылған еді. Ол кезде көрерменге Мұхтар Қамбаровтың режиссерлығымен ұсынылған. Енді 45 жыл өткенде жаңа форматта қайта жаңғырды.