2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Талдықорғанда босанған әйелдің өліміне қатысты сараптама жүргізуге маман жетіспейді

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісуда босанған әйелдің өліміне қатысты сараптама маман тапшылығына байланысты аяқталмай тұр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: ДСМ

Бұқаралық ақпарат құралдарында Талдықорған қаласының 22 жастағы тұрғыны қайтыс болғанына бір жылға жуық уақыт өтсе де, оның отбасына комиссиялық сот-медициналық сараптаманың қорытындысы берілмегені туралы ақпарат тарады. Сараптама қажетті мамандардың болмауына байланысты тоқтатылғаны айтылған.

Жетісу облысының Полиция департаменті әйелдің өліміне қатысты қылмыстық тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Сот сараптамасы заңда белгіленген тәртіппен тағайындалған. Алайда тиісті бейіндегі медициналық мамандардың болмауына байланысты сараптаманы жүргізу қиындық туғызған.

— Қазіргі уақытта сот-медициналық комиссияны құру және сараптамалық қорытынды алу үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр, — деп хабарлады ведомство.

Әйелдің 2025 жылғы 10 желтоқсанда, қызын дүниеге әкелгеннен кейін бір ай өткен соң қайтыс болғаны хабарланды. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Полиция тергеу барысы Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін атап өтті. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін істің барлық мән-жайына және оған қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Бұған дейін Түркістан облысында жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірген мас жүргізуші сотталғанын жазған болатынбыз.