Компания мәліметінше, 6 мамыр күні қалада электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осыған байланысты бірнеше мекенжайда кезең-кезеңімен электр энергиясы ажыратылған.
Атап айтқанда, сағат 08:00-10:00 аралығында Байсейітова – Пушкин – Жетісу сазы – Майстрюк көшелері аумағындағы жаңа шағынаудандарда жарық болмаған. Сағат 10:00-12:00 аралығында облыстық аурухана маңында, яғни Ескелді би – Жетісу сазы – Пушкин – Поддубный көшелері аумағында электр қуаты өшірілген.
Сонымен қатар 13:00-15:00 аралығында Кивилев – Абылай хан – Байсейітова – Пушкин көшелері маңындағы жаңа құрылыстар аймағында, ал 15:00-17:00 аралығында қаланың орталық бөлігінде, оның ішінде Гауһар ана көшесі мен «Грин Вилла» тұрғын үй кешенінде жарық уақытша сөндірілген.
Тұрғындардың айтуынша, кейбір аудандарда электр қуаты белгіленген уақыттан ұзақ уақытқа өшкен. Сондай-ақ жарықтың ажыратылуына байланысты кей жерлерде бағдаршамдар уақытша жұмыс істемей қалған.
Қала әкімдігі электр энергиясын беру жақын жарты сағат ішінде толық қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
Бұған дейін «ТАТЭК» АҚ пен Талдықорған әкімдігі тұрғындарды жоспарлы өшіру жұмыстары туралы ресми парақшалар мен әлеуметтік желілер арқылы алдын ала хабардар еткен болатын. Ведомство өкілдері мұндай шаралар электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және апаттардың алдын алу үшін қажет екенін түсіндірді.
Компания уақытша қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрап, түсіністікпен қарауға шақырды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 6-22 мамыр аралығында магистральдық желілерді күрделі жөндеу және сымдарды ауыстыру жұмыстары аясында қаладағы бірқатар ауданда электр энергиясы кезең-кезеңімен өшірілетіні хабарланды.
Айта кетейік, Талдықорғандағы көпқабатты тұрғын үйдің кәріз жүйесі бітеліп, жөртөле сасық суға толды.