Жетісу облысының полиция департаменті Талдықорған жағажайында табылған азаматтың кім екені анықталғанын хабарлады. Оқиға дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Денесінде күш қолдану белгілері жоқ ер адам мәйітінің табылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады департаменттен.
Ер адамның өлімінің себебі сот-медициналық сараптамасының нәтижесі бойынша белгілі болады.
Аталған оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары өңір тұрғындары мен қонақтарына су айдындары маңында демалу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін еске салады. Полиция суға түсер алдында ішімдік ішпеуге, арнайы жабдықталған аумақтан тыс жерге жүзіп кетпеуге және судағы өзін-өзі ұстау ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.
Еске салайық, Алматыда жеке үйдің жертөлесінде ер адамның мәйіті табылды.