Талдықорғанда табиғи газ ауаға атқылады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорғанда табиғи газ атқылап, иісі қаланы алып кетті.
Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан құбырдан будақтап шығып жатқан газды көруге болады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 10 шілде күні департамент қызметіне газ иісі бойынша шақырту келіп түскен.
— Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жерасты жоғары қысымды газ құбырындағы тарату желісінен газдың жанусыз шығып жатқанын анықтады. Апат салдарынан өрт болған жоқ. Газдың шығуы уақытында тоқтатылды. Қазіргі таңда қауіп сейілді, — деп хабарлады ведомстводан.
Қазір онда апаттық газ қызметі жұмыс істеп жатыр. Тиісті мамандар жағдайды толық бақылауға алды.
Бұған дейін Қарағандыда салынып жатқан газ тарату желілерінде жарылыс болғаны туралы жазғанбыз.