ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары басталады.
Атырау мен Павлодарда өткен екі турдан кейін Оралдың «Жайығы» 31 ұпаймен жекедара көш бастап келеді.
Осыған дейін қатарынан он рет жеңіске жеткен Виктор Козик шәкірттерін Талдықорғанда кім тоқтата алады?
Сейсенбі күні оралдықтар өткен жылғы ел чемпионы «Таразбен» ойнайды.
Турнир кестесінде 26 ұпаймен екінші орында тұрған ақтөбеліктер төртінші сатыдағы «Буревестник» (Алматы) командасымен сынға түседі.
«Жетісу» өткен жылғы күміс жүлдегер «Павлодармен» күш сынасады. Әзірге 24 ұпаймен үздік үштікті түйіндеген талдықорғандықтар өз алаңында ұпай қорын толықтыруға тырысатыны анық.
Алтыншы сатыдағы «Атырау» көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетаумен» шеберлік байқасады.
Талдықорғандағы ойындар 29 қаңтарда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдың «Жайығы» жылдың соңғы матчын жеңіспен түйіндегенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).