Талдықорғанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады

АСТАНА.KAZINFORM — Талдықорғанда жедел жәрдем көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Фото: Максат Шагырбай / Kazinform

Алдын ала мәлімет бойынша, апат Л. Асанов пен Құрманов көшелерінің қиылысында болған. Л.Асанов көшесімен келе жатқан Mercedes-Benz жүргізушісі қиылыстағы тиісті жол белгісін елемей, Hyundai H350 жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

— Кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаменті.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жол белгілерін қатаң сақтауға және қиылыстардан өтерде аса сақ болуға шақырды.

Бұған дейін БҚО-да соңғы он күнде жол апаттарынан төрт адам мерт болғаны хабарланған