Полицияның мәліметінше, бала 25 мамырда сағат 19:30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. 102 арнасына сағат 19:50-де оның жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Қоңыраудан кейін Восточный шағын ауданында дереу ауқымды іздеу операциясы басталды. Операцияға полиция қызметкерлері, төтенше жағдай бөлімшелері, кинологиялық топ және еріктілер қатысты.
Іздеу топтары аулаларды, бос жерлерді, айналаны және Қаратал өзенінің жағасын қарап шықты. Іздеу аумағын кеңейту үшін бейнекамера орнатылған дрон пайдаланылды.
Іздеу жұмыстары түні бойы жалғасты.
26 мамырда, сағат 05:00 шамасында, іздеу кезінде Қаратал өзенінен кәмелетке толмаған баланың денесі табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ешқандай қылмыс белгілері жоқ. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын тергеп, анықтап жатыр.
Жетісу облыстық полиция департаменті қаза болған баланың отбасы мен достарына көңіл айтты.
-Құрметті ата-аналар, сіздерден балаларыңыздың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды және оларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Ересектердің назары мен қамқорлығы қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі, - деп атап өтті полиция.
Бұған дейін Атырауда 10 жастағы баланың суға батып кеткені хабарланған.