Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай әр апта сайын қайталанады. Аз уақыттың ішінде тұрғын үйді 8-9 рет су басқан.
— Біз түнде үйге қонуға қорқатын болдық. Кез келген сәтте су басу қауіпі бар. Одан ешкім сақтандырылмаған, — дейді тұрғындар.
Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе — қаржылық жүктеме. Тұрғындардың айтуынша, олар апат салдарын жою үшін біраз шығынға батады. Баспана иелері кәріз суын сорғызу қызметіне өздері төлейді.
— Бір көлік шамамен 10 мың теңге тұрады. Кейде бірнеше көлік шақыруға тура келеді, тіпті он рейске дейін жеткен жағдайлар болды. Барлық шығын тұрғындарға теңдей бөлінеді, — дейді олар.
Қала тұрғындарының айтуынша, шақырылған мамандар, сантехниктер мәселенің мән-жайын анықтап, техникалық себептерін бірнеше рет атап өткен. Мамандар мұндағы инженерлік жүйе 16 қабатты үйдің жүктемесіне сәйкес келмейтінін айтқан.
Тұрғындар жертөлені су басқан сәт пен оқиға орнында жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың әрекетінен бейнежазба жариялады.
Үйге қызмет көрсететін «Аяла» ПИК мәселенің жиі қайталанатынын растады.
Олар апаттың салдарын жою үшін түрлі амалдар қарастырған, алайда мәселе үздіксіз қайталанып отыр.
ПИК жұмысшылары құбырлардың бітелу себептерінің бірі кәріз жүйесін пайдалану ережелерінің бұзылуынан болуы мүмкін деп санайды.
— Тұрғындар ылғалды майлықтар мен гигиеналық құралдарды тастайды. Осы көпқабатты тұрғын үйдің басқа кіреберісінде мұндай мәселелер туындамаған, — деп түсіндірді ПИК өкілі Айдана Байдөненова.
Сонымен қатар жұмысшылар апатты жағдайларды жою кезінде жертөледе ұзақ уақыт болуына байланысты ауыр жұмыс жағдайларына тап болып, өздерін нашар сезінгенін атап өтті.
Талдықорған қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Талғат Маратұлының айтуынша, қазіргі уақытта кәріз жүйесіндегі апатты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Кәріз жүйесіндегі зақымды жою мақсатында апаттық қызметтер жертөледе жиналған сарқынды суларды сорып шығарып жатыр. Тексеру барысында апатты жағдай кәріз жүйесіне қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстың тасталуынан туындағаны анықталды, — деді ол.
Қазіргі уақытта жертөлені тазалау және құрғату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ әкімдік өкілі тұрғындарды инженерлік желілерді пайдалану ережелерін сақтауға және кәрізге қатты тұрмыстық қалдықтарды тастамауға шақырды.
Тұрғындар жағдайдың коммуналдық қызметтер мен құрылысшылардың қатысуымен кешенді түрде реттелуіне үміт артады. Олардың айтуынша, жиі қайталанатын апаттар тек тұрмыстық қолайсыздық туғызып қана қоймай, тұрғындар үшін санитарлық қауіп-қатер де тудырады.
Еске сала кетейік, юұған дейін Орал қаласында көпқабатты үйлердің кәріз жүйесі неліктен бітеліп қалатыны анықталған болатын.