Жергілікті тұрғындардың сөзінше, электр қуаты ара-тұра өшіп қалады. Ал желідегі кернеудің төмен болғаны сонша, тұрмыстық техниканы қосқан кезде жарық толық сөніп қалады. Ұзаққа созылған үзілістер салдарынан тоңазытқыштардағы азық-түлік ери бастаған.
Тұрғындар мәселе бойынша түрлі қызметке жүгінгенімен, ақауды жедел жою мүмкін болмағанын айтты.
Жағдайға Талдықорған қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі түсініктеме берді.
– Instagram әлеуметтік желісіндегі жарияланымды қарау нәтижесінде электр энергиясының өшуіне кабельдің зақымдануы себеп болғаны анықталды. Жақын арада кабель желісінің зақымдалған бөлігі ауыстырылады. Қажетті жұмыстар жүргізілгеннен кейін электрмен жабдықтау қалпына келтіріледі, – деп хабарлады ведомстводан.
Осылайша, мамандар электр қуатының үзілуіне кабель желісінің зақымдануы себеп болғанын мәлімдеді. Тұрғындар жөндеу жұмыстарының аяқталып, тұрақты электрмен жабдықтаудың қалпына келуін күтіп отыр.
Бұған дейін 14 тамыздағы технологиялық ақаудан зардап шеккен Қазақстан өңірлеріндегі тұтынушыларды электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілгені хабарланған.