Талдықорғандағы заңсыз келісім: домофон қызметіндегі тарифтік қитұрқылық
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Талдықорған қаласында «Домофон Сервис» және «Куликова» жеке кәсіпкерлерінің заңсыз келісімдері әшкереленді. Олар қызмет көрсетудің бірыңғай тарифтерін алдын ала келісіп белгілеп отырған.
Заңды белшеден басқан кәсіпкерлер нарықта монополиялық жағдай тудырған.
Жоғарыда аталған компаниялар облыс орталығындағы көпқабатты үй тұрғындарына домофон жүйесі бойынша қызмет көрсетеді. Қос кәсіпкер өзара келісіп бірдей тариф бекітіп келген. Осылайша тұтынушыларды таңдау құқығынан айырған.
«Кәсіпкерлер Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабын бұзған. Біздің араласуымыздан кейін компаниялар бұзушылықтарды жойды, бұл нарықтағы әділеттілікті қалпына келтіруге мүмкіндік берді», - дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің мамандары.
Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында робот сот орындаушылар жұмыс істейтінін жазғанбыз.