Талдықорғандық оқушылардың тәрбиесімен менторлар айналысады

Жетісу облысында жүзеге асырылған оқушыларды адамгершілік-құқықтық тәрбиелеу жөніндегі пилоттық жоба Талдықорған қаласының 30 мектебін қамтып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуын және оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру.

«Адамгершілік-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі облыстық қоғамдық даму басқармасының базасында құрылған. Басқарманың мәліметіне қарағанда, облыс орталығының әрбір мектебінде педагогика, психология, құқық саласында білімі бар, сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкес келетін, арнайы оқу курсынан өткен мамандар менторлық қызметті жүзеге асырады. Әр мектепте 1 маманнан, барлығы 30 адам жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта қалалық мектептердің оқушылары ментор маманның кім екенін, оған сенуге және өзін алаңдатқан мәселелерін айтып, ой бөлісуіне болатынын біледі. Ментор кеңес береді, бағыттайды, мәселені шешу жолдарын ұсынады, қажет болған жағдайда әртүрлі қызмет салаларының мамандарын тартады. Осылайша, менторлар мектеп, ата-ана, жалпы қоғам мен балалар арасында ерекше көпір болып отыр»,- дейді «Адамгершілік-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесінің жұмысына жетекшілік ететін облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев.

Оның айтуынша, қазан айында менторлардың қатысуымен «Қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу» айлығы өтті, ал қараша айында «Білім беру» айлығы өтеді деп жоспарланып отыр. Осыған байланысты желілік кестеге сәйкес Талдықорған қаласының оқушылары мен мұғалімдеріне Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес, есірткіге қарсы күрес бөлімдерінің, Талдықорған қалалық №1 емхананың және т.б. мамандарымен бірлесіп, дәрістер өткізіледі.

Сонымен қатар шақырылған лекторлардың қатысуымен арнайы әңгімелесулер өткізу жоспарланған. Мысалы, жоба енгізіле бастағаннан бастап оқушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюктің, дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Асановтың, «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық студенттер қозғалысы» ҚБ төрағасы Ұлан Нәукеннің, шығыстанушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі, «Қуыскеуде» кітабының авторы Санжар Керімбайдың дәрістері ұйымдастырылды.

Ал 1-3 қараша аралығында 225 оқушыға SDU, ҚБТУ, ҚазҰУ, ҚазҰПУ, Narxoz, ҚазҰМУ және т. б. еліміздің үздік жоғары оқу орындарына кәсіби бағдарлау экскурсиялары жоспарланған.