АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Талдыкөл су жинақтауышын жоюға 21 миллиард теңге жұмсалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Талдыкөл су жинақтауышын жою мәселесіне тоқталған әкім, «Бұл бағыттағы жұмыстар 2011-2016 жылдар аралығына негізделген. 2011-2013 жылдар бойынша 21 миллиард теңге игерілді. Ал жобаны толық аяқтауға тағы 40 миллиард теңге қажет. Бұл жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылуда», - деді әкім.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылға дейін бұл қаржыны кезең кезеңмен қаржыландыру жағдайында жоба белгіленген мерзімде аяқталады.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.