Талдыкөл маңындағы 6 мың гектарға жуық жер абаттандырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда маңындағы Талдыкөлде 5700 гектар аумақ абаттандырылмақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 2 жыл бойы тұрғындардан «Талдыкөл болған ба және ол тарихи көл ме?» деп сұраумен келемін. Жауап әртүрлі. Одан бөлек, менде 1976 жылы ғарыштан түсірілген сурет бар, онда Талдыкөл анық көрінген, бірақ оның жанында ештеңе жоқ. Яғни Кіші Талдыкөл деген көл жоқ, ол - жай ғана сулы-батпақ. Сондықтан да Кіші Талдыкөлді көл деп айтуға болмайды», - деді Нұрлан Ұранхаев елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы Талдыкөлдің маңында құрылыс жұмысы басталып, көл маңы абаттандырылатынын айтты.

«Кіші Талдыкөл әңгімесі 2 жылдан бері созылып келеді. Ол - көл емес, керісінше зиянды, қалдық су-батпақ, оның салдарынан жер экологиялық эрозияға ұшырып жатыр. Біздің бар көлді жою ойымыз жоқ. Керісінше батпақты суды тазартып, адам игілігіне жаратпақпыз. Ал Талдыкөлдің өзінде 5700 га жер абаттандырылады. Сондай-ақ, экологтарға арналған орын ашу жоспары да бар. Және үй батпақты судың үстіне емес, Талдыкөлдің бойына салынады», - дейді ол.

Бұған дейін Нұрлан Ұранхаев Талдыкөлдің флорасы мен фаунасы туралы айтқан еді.

Оның айтуынша, аталған көлде еліміздің Қызыл кітабына енген 200 шамасында құс және 90 өсімдік түрі бар.