«Көлдің батпақты емес таза жері сол күйінде сақталып қалады. Және жоба қаланың бас жоспарына сай іске асырылады. Тағы бір жайт, биосфера бірлестігінің ғылыми-өндірістік жұмысына сәйкес Кіші Талдыкөл сулы-батпақты алқап, лас деп танылған. Көлді сақтап қалу үшін тазарту және басқа да жұмыстар жүргізілуі тиіс. Өйткені көлдің суы ғана емес, ондағы жерасты суы да ластанған. Біз тазарту жұмысы арқылы көлдің өзін ғана емес, ондағы флора мен фаунаны да сақтап қалғымыз келеді. Бүгінде Талдыкөлде Қызыл кітапқа енген 200 шамасында құс және 90 өсімдік түрі бар», - деді Нұрлан Ұранхаев елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Кіші Талдыкөлдің сулы-батпағы - зерттеліп, дәлелденген дүние. Және көлді тазартудағы мақсат – экологиялық апаттың алдын алу.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Кіші Талдыкөлдің болашағына қатысты елорда әкімдігі түсініктеме берді.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, көл маңайына тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандар салынбақ.