Талдыкөлге қоқиқаздар «қайта оралды»: Астана жастары көлді құрғатуға қарсы шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы елорданың экологиялық мәселелерінің бірі - Кіші Талдыкөлді құрғатуға қарсы акция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылдан бері Астананың табиғи көрікті жерлерінің бірі жойыла бастады. Кіші Талдыкөл — түрлі аңдар, соған қоса Қызыл кітапқа енген қызғылт қоқиқаздар мекендейтін жер көпқабатты үй құрылысына берілді. Тұрғын үй кешендерінің құрылысы үшін экожүйенің жойылу қаупі астаналық қоғамдық белсенділер мен экологтардың наразылығын тудырды. Тіпті Экология министрлігі де қала жоспарына қарсылығын білдірген болатын. Шенеуніктер көлдің аз бөлігін сақтауға және судың айналысында «экосаябақ» құрып, қала тұрғындарын қажетті демалыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге уәде еткен. Дегенмен бүгінгі күні көлдің орнында ен дала қалды. Қала билігі экологтар мен министрлікке жалған уәде беріп, көлді толығымен құрғатты. Алайда, табиғатты алдау мүмкін емес, қоқиқаздар Талдыкөлдің орнында қалған құрғақ даладан ұшып кеткен» дейді белсенділер.


20 тамызда қоқиқаздар қайта оралды. Жаңа адамдар «Қоқиқаздар үйі» науқанын өткізген болатын.

Жүздеген белсенді қызғылт құс мүсіншесімен Талдыкөлдің құрғатылған түбінде жүгіріп, көлдің алдындағы Сығанақ көшесінің бойына 100 мүсінше орнатты.

Осы символикалық көрсетілім «Қоқиқаздар үйі» атты баннермен безендірілді.

«Қоқиқаздар үйі» инсталляциясы ұзақ тұрмады. Полиция қызметкерлері барлық фигуралар мен баннерді дереу алып тастады.

«Орындалмаған уәделерді еске алуға қала билігі құлшыныс танытпайтыны белгілі. Жылдар бойы біз билікке алданып келдік. Бұны тоқтататын уақыт келді. Халықтың пікірін тыңдай білу керек. Құрғатылған Кіші Талдыкөл — бұл халық әлсіздігінің, сыбайлас жемқорлығының ескерткіші» дейді «Жаңа адамдар».
«Бұдан бұлай біз сіздердің сөзіңізге сенбейміз. Біз енді өзімізді алдап, осылай «лақтырып кетуге» жол бермейміз. Өтірік соғып жүрген жемқорлар мен арсыз құрылысшылар, тыңдаңдар! Біз, қазақстандықтар, Астана тұрғындары, Жаңа адамдар белсенділері — үйіміздің қиралуына жол бермейміз. Сіздерге көлді қайтаруға кеңес береміз, бәріне дұрыс шешім осы», - деп атап өтті қозғалыс белсендісі Бауыржан Аманов.