Талдыкөлге құрылыстан кейін аң мен құс орала ма – маман жауап берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Кіші Талдыкөлдің тағдыры қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Экожанашырлар көлді сақтап қалу мақсатында түрлі шара ұйымдастырып, билік пен қоғам назарын аударуда. Осы орайда көпшілік көңіліндегі күдік пен сауалға елорда әкімдігі жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласы аумағында 7,5 мың гектарды құрайтын су қоймасы бар. Сол сияқты су қоймалары жер және су туралы кодекске сәйкес жер кадастрінде ресми түрде тіркелуі тиіс. Бүгінде елордаға қарасты Майбалық, Талдыкөл, Есіл өзені және Ақбұлақ секілді су қоймалары бар. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының су қоры қатарында Кіші Талдыкөл деген жоқ және болған емес», - деді Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жиында табиғат жанашырлары спикерге «егер Талдыкөл бойына құрылыс салынса, оған жануарлар мен құстар орала ма?» деген сауал қойды.

«Көл мен оның маңы абаттандырылып, өзі сақталады. Сонымен қатар қорық зонасы мен саябақ салынады. Бұл жануарлар мен құстарға кедергі болмайды деп ойлаймын. Керісінше олардың тіршілігі мен көбеюіне жағдай жасалады. Бізде оны мекендейтін аң-құстардың тіршілігіне кедергі келтіру мақсаты жоқ», - деді қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Кіші Талдыкөлдің болашағына қатысты елорда әкімдігі түсініктеме берді.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, көл маңайына тұрғын үйлер мен басқа әлеуметтік нысандар салынбақ.

Сондай-ақ, аталған көлдің флорасы мен фаунасына қатысты сөз қозғалды.