Талдықорған әскери госпиталінде дәрігерлер отбасы қызмет етеді
Ғалымбек пен Зульфия Ақтөбедегі медицина институтының қабырғасында танысқан. Студент болып жүрген шағында шаңырақ көтерді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған медицина мамандарының басым бөлігі әскери міндетті болып есептеледі. Сондықтан лейтенант Ғалымбек Тілеков үш жылдық әскери борышын өтеу үшін Алматы облысына келді. 2004-ші жылдан бері екі-үш әскери бөлімде түрлі қызметтерді атқарды. Қазір госпитальде сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі. Ал жолдасы Зульфия терапевт дәрігер.
Қызмет арасында Ғалымбек әскери госпитальдегі заманауи қондырғыларды студенттерге таныстырып, тәжірибеден өткізеді. Ал жұмыстан қолы қалт еткенде ерлі-зайыптылар өз шаңырақтарына асығады. Бір қыз екі ұлын еңбекке баулып, үй шаруасына үйреткенді ұнатады. Әзірше балаларынан тек үлкен қызы Ақжанат дәрігер болуды армандап жүр.
Жуырда әскери дәрігерлер жұбының Талдықорған госпиталіндегі 5 жылдық қызмет мерзімі аяқталады. Басшылық оларды қай жаққа бағыттайтыны әлі белгісіз. Белгілісі, Қазақстанның қай бұрышында қызмет етсе де, олар сүйіп таңдаған мамандықты әскери борышпен ұштастырады.