Талдықорған қаласы əкімінің орынбасары әкімнің бұрынғы кеңесшісін кешіруге ниетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаев әкімнің бұрынғы кеңесшісі Алмасбек Садырбаевты кешіруге ниетті. Тек ол Алмасбек Садырбаевтың əлеуметтік желі арқылы өзінен кешірім сұрағанын қалайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асқар Тұтыбаев экс-кеңесшімен төбелесті деген ақпарат әлеуметтік желіде тараған болатын. Бұны әкім орынбасары жоққа шығарады. Оның сөзінше, Алмасбек Садырбаев оны балағаттап, ұруға əрекеттенген. Ал істің осыншама насырға шабуына құжат мәселесі себеп болған тәрізді.

«Тұтыбаев менің құжаттарыма қол қоймай, əбден сергелдеңге салды. Жағдай осылай ушыға түсті. Қазір менің үстімнен Тұтыбаев арызданған. Мен де қарап отырмаймын. Өз құқығымды қорғаймын. Оның үстінен құзырлы органға арыз жазамын», - дейді А. Садырбаев.

Ал қала әкімінің міндетін атқарушы Тұтыбаев, кəсіпкер тарапынан құжатты алғаш рет тапсырылғанда қол қойып бергенін айтады.

«Ол жерде əкім орынбасарының қолы тұр екен. Сондықтан қолды қойып бердім. Бірақ ол қағаздан қате шығып, жарамсыз болып қалыпты. Ал екінші рет əкегенде тағы да қате кетпесін деп, толық тексеріп,  қол қоятынымды айттым. Өйткені бұл субсидия бойынша төленетін қаржы. Ақшасы да қомақты. 7,5 млн теңгеден асады. Бірақ Садырбаев менің айтқыныма көнбеді. Өзімді балағаттап, ұруға əрекеттенді. Сол себепті мен оның үстінен құзырлы органға арыз түсірдім. Бірақ біз бұрыннан таныспыз ғой. Бір салада жұмыс істедік. Əріптесім болды. Сондықтан əлеуметтік желі арқылы кешірім сұраса, кешіруге ниеттімін», - дейді А. Тұтыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Талдықорған қаласы әкімінің экс-кеңесшісі  Алмасбек  Садырбаев  қала әкімінің орынбасарымен болған жайтты əлеуметтік желіге жариялап, заңгерлерден көмек сұраған болатын. Желі қолданушыларының қызу талқысына түсіп,  наразылығын тудыртты. Қазір  аталған жайт Алматы облыстық Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің  бақылауында.