Талдықорған қаласындағы наркодиспансерде болған өртте қаза тапқандардың отбасыларына облыстық бюджеттен бір миллион теңге бөлінеді

ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Талдықорған қаласындағы облыстық наркологиялық диспансерде емделіп жатқан адамдардың арасында өрт кезінде қаза болғандардың отбасына облыстық бюджеттен бір миллион теңге мөлшерінде материалдық көмек бөлінеді.

Бұл туралы агенттік тілшісіне Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов хабарлады. Ол сондай-ақ сағат 14.00-те ҚР вице-министрі Серік Ахметовтің келуі күтілуде, сондықтан да бұл қаржының көлемі ұлғайтылуы мүмкін деп қосты.

Естеріңізге сала кетейік, облыстық наркодиспансердің мәжбүрлеп емдеу бөлімінде (сот шешімімен емдеуге жатқызылған аурулар болған бөлімде) қыркүйектің 13-інде 05 сағат 28 минутта өрт шықты. Өрттің салдарынан нақтыланған мәліметтер бойынша 37 адам қаза болды. Олардың екеуі - диспансер қызметкері, медбике мен санитар, 27 адам ғимараттан өз бетімен шықты, 10 адам облыстық ауруханаға, 2-еуі қалалық ауруханаға жатқызылды, 80-100 пайызға дейін күйікке шалынған 2 адам жансақтау бөлімінде, 10-25 пайыз күйікке ұшыраған 6 адам травматология бөлімінде жатыр. Қазіргі кезде қаза болғандардың туыстары мәйітханада жатқандардың мәйітін анықтауда, сондай-ақ олардың кімдер екендігін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Өрттің себептері анықталуда.